Қоғам

«Отбасы банкіндегі» былық: Бұрын үй алған адамдарға да қауіп төніп тұр ма?

«Отбасы банкіндегі» былық: Бұрын үй алған адамдарға да қауіп төніп тұр ма?

«Үй кезегін жылжытып беремін». «Ипотеканы өткізіп беремін». «Табысыңызды растайтын құжатты жасап беремін». Бұған дейін мұндай ұсыныстарды көбіне интернеттегі алаяқтардан еститінбіз. Енді мәселенің бір бөлігі банктің 2025 жылғы есебіне кіріп отыр. Отбасы банк өз есебінде 2025 жылы қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше сыбайлас жемқорлық фактісі анықталғанын хабарлады. Қызметкерлер клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін лоббилеу, тұрғын үй кезегін жылжыту үшін заңсыз сыйақы алған. Бұдан бөлек, филиалдардың бірінде клиенттердің несие қабілетін растау үшін жалған табыс құжаттары дайындалып, олар несие өтінімдеріне тіркелген. Қатысты қызметкерлер жұмыстан шығарылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған, бірнеше қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл жерде ең маңыздысы – банк мұны өзі жылдық есебіне енгізіп отыр. Демек, мәселе әлеуметтік желідегі қауесет немесе белгісіз адамның мәлімдемесі емес, қаржы ұйымының ресми құжатында көрсетілген факт. Бірақ осыдан бірден «Отбасы банктің бәрінде жемқорлық бар» деген қорытынды жасауға болмайды.  Осындай схема қалай пайда болды және оны қанша уақыт ешкім байқамай жүрді? 

Бірінші сұрақ: тұрғын үй кезегін қалай «жылжытуға» болады? 

Мұнда бір маңызды деталь бар. 2025 жылғы 24 мамырға дейін тұрғын үй кезегін негізінен жергілікті атқарушы органдар жүргізді. Әртүрлі әлеуметтік санат бойынша бөлек тізімдер болды. 2025 жылғы реформадан кейін есепке қою, кезекті жүргізу және тұрғын үйді бөлу функциялары орталықтандырылып, бұл жұмысты «Отбасы банк» атқара бастады. Жаңа жүйенің идеясы – керісінше, адам факторын азайту. Банк «Баспанамен қамтамасыз ету орталығы» жүйесін енгізіп, мемлекеттік деректер базаларымен интеграция арқылы азаматтың отбасы құрамын, табысын, мүлкін тексеретін цифрлық профиль қалыптастыруды көздеді. Тұрғын үйді бөлу кезінде негізгі өлшемдердің бірі – кезекке қойылған күн және азаматтың басым санаты.  

Сонда заңсыз «жылжыту» деген не?

Есепте нақты техникалық механизм ашылмаған. Сондықтан «қызметкер жүйеге кіріп, нөмірді өзгертті» деп айтуға әзірге негіз жоқ. Бірақ тергеу үшін бірнеше сұрақ өте маңызды:

* кезектегі азаматтың қойылған күні өзгертілді ме?

* әлеуметтік санаты өзгертілді ме?

* біреуге басымдық беретін мәртебе заңсыз енгізілді ме?

* кезекке тұруға негіз болған деректер өзгертілді ме?

* тұрғын үй бөлу кезінде белгілі бір клиентке артықшылық жасалды ма?

* жүйедегі әрекеттерді кім енгізді және кім бекітті?

* бір қызметкер ғана әрекет етті ме, әлде бірнеше адамнан тұратын тізбек болды ма? Міне, тергеудің негізгі өзегі осында болуы керек. 

Кім ұтты? 

Егер тергеу барысында баяндалған фактілер расталса, бірінші кезекте ақша төлеген немесе қызметкермен келісім жасаған клиент ұтқан. Ол біреуден бұрын үй алды, өзгеден бұрын несие алды немесе банк талабынан өтуге мүмкіндік алды. Екінші ықтимал пайда алушы – делдал. Риелтор клиенттен ақша алып, банк ішіндегі адам арқылы мәселені шешуге тырысса, оның да қаржылық мүддесі бар. Үшінші тарап – банк қызметкері.

Ал ең үлкен ұтылған тарап кім?

Кезекте тұрған адал азамат. Мысалы, бір азамат заң бойынша кезекке 2005 жылы тұрды делік. Екінші адам 2015 жылы тұрды. Егер екінші азамат заңсыз жолмен алға жылжытылса, бірінші азаматтың мемлекеттік қолдауға деген мүмкіндігі кейінге шегеріледі. Яғни бұл жерде бір қызметкердің алған ақшасы ғана емес, басқа адамның жоғалтқан мүмкіндігі бар. Сондықтан тұрғын үй кезегіндегі жемқорлықтың ерекшелігі – оның құрбаны кейде өзін тікелей танымайды. Ол тек «Неге мен әлі үй алған жоқпын?» деп ойлайды.

Ал жалған табыс туралы анықтама одан да қауіпті 

Есепте бір филиал қызметкерінің клиенттердің несие қабілетін растау үшін жалған табыс құжаттарын дайындағаны көрсетілген. Бұл құжаттар кейін кредиттік өтінімдерге тіркелген. Бұл жерде схема шамамен былай көрінуі мүмкін. Бұл жерде клиенттің нақты табысы жеткіліксіз, сол себепті банк несиені бермеуі мүмкін. Содан кейін банк қызметкері жалған табыс құжатын жасап,құжат кредиттік өтінімге кіреді. Осылайша клиент несие алады. Бірақ нақты осы істерде дәл осындай тізбек болғанын тергеу аяқталмай тұрып кесіп айтуға болмайды.

Мұндағы басты қауіп – банк ақшаны нақты төлем қабілеті жеткілікті адамға емес, құжат жүзінде ғана төлем қабілетті болып көрінген адамға берген болуы мүмкін. Егер мұндай несие кейін төленбей қалса, тәуекел тек банкке емес, бүкіл жүйеге түседі.

Брокерлердің қатысы бар ма? 

Бұл – тергеудегі ең қызықты сұрақтардың бірі. Бірақ қазіргі ашық ақпаратқа сүйенсек, ипотекалық брокерлердің осы нақты қылмыстық істерге қатысы бар екені дәлелденген жоқ. Банктің есебінде риелторлар аталады. Қызметкерлер олардың мүддесін лоббилегені жазылған. Бірақ «брокерлер қылмыстық схемаға қатысты» деген тұжырым ресми құжатта жоқ. Сонымен қатар Қазақстанда ипотекалық брокерлердің клиентке банкке өтінім беруге көмектесетін нарығы бар. Кейбір брокерлер бірнеше банктің бағдарламаларын салыстырып, құжаттарды жинауға және өтінім рәсімдеуге көмектесетінін ашық жарнамалайды. Мұнда екі түрлі нәрсені шатастырмау керек.

Заңды брокер клиентке бағдарлама таңдайды, құжат жинауға көмектеседі. Заңсыз делдал «банк қызметкерімен танысым бар», «кезекті жылжытамын», «табыс анықтамасын жасап беремін», «кредитті бәрібір өткіземін» деген ұсыныс жасайды. Сондықтан тергеу кезінде банк қызметкерлерінің телефон байланыстары, ақша аударымдары, мессенджердегі хаттары, риелторлармен және ипотекалық делдалдармен байланыстары міндетті түрде зерттелуі тиіс. Бұл – дәлелденген факт емес, бірақ істің логикасынан туындайтын маңызды тергеу бағыты. 

Банк мұндай тәуекелді бұрын білмеді ме? 

Міне, ең қызықты жері осы. Банк өзінің ресми сайтында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізетінін көрсетеді. Оның үстіне тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыты бірнеше рет арнайы талдаудың нысаны болған. 2023 жылы «Центр обеспечения первым жильем» қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілген.

2025 жылы тағы да тұрғын үй кезегінің қалыптасуы, жүргізілуі, өзектендірілуі, әкімшілендірілуі, түгенделуі, электрондық базасыбойынша коррупциялық тәуекелдер талданған. Бұл өте маңызды белгі. Демек тұрғын үй кезегінің өзі банк үшін бұрыннан тәуекелі жоғары бағыт болған. Бірақ бұдан «банк тәуекелді білді және әдейі ештеңе істемеді» деген қорытынды шығаруға болмайды. Керісінше, банк тәуекелдерді анықтап, оларды азайтуға арналған жоспарлар қабылдағанын мәлімдейді. Бірақ нәтижеге қарасақ, 2025 жылы дәл осы салада қызметкерлердің заңсыз әрекеттері анықталған.

Сондықтан қоғамның қоятын сұрағы орынды. Тәуекелді талдау бар, комплаенс бар, қауіпсіздік қызметі бар, оқыту бар – онда нақты заң бұзушылықтар қалай орын алды?

«Бізде комплаенс бар» деген жауап жеткілікті ме?

Бір сөзбен айтсақ, жауабы – жоқ. Банк мәліметінше, 2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқудан 1 183 консультант және 1 506 қызметкер өткен. Ал комплаенс-бөлімінің қызметі құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз болып, Бас комплаенс-контролер арқылы директорлар кеңесіне есеп береді. Бұл – қағаз жүзінде жақсы құрылған жүйе. Бірақ кез келген комплаенс жүйесінің тиімділігі оның бар-жоғымен емес, қылмысты қаншалықты ерте анықтайтынымен өлшенеді. 2024 жылғы есепте банк тіпті сол кездегі «ыстық желіге» түскен өтініштердің барлығы анықтамалық-кеңестік сипатта болғанын және қызметкерлердің жемқорлық әрекетіне қатысты ақпарат болмағанын жазған. Ал бір жылдан кейін нақты коррупциялық фактілер анықталды. Бұл жерде жүйені кінәлау үшін емес, ішкі бақылаудың қалай жұмыс істейтінін қайта қарау үшін өте маңызды сигнал бар.

Ең қызығы: банк халықты өзі ескерткен 

2025 жылғы қарашада «Отбасы банк» азаматтарға телефон соғып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын адамдардан сақ болуды ескертті. Банкке жат адамдар азаматтарға ақшаға тұрғын үй кезегін жылжытып береміз деп ұсыныс жасаған. Банк мұндай ақылы қызмет көрсетпейтінін мәлімдеді. Бұл оқиға бүгінгі есеппен тікелей бір қылмыстық істің байланысы деп айтуға болмайды. Бірақ бір нәрсе анық. «Кезекті ақшаға жылжыту» тақырыбы нарықта болған. Ал енді банктің жылдық есебінде банк қызметкерлерінің тұрғын үй кезегін жылжыту үшін заңсыз сыйақы алғаны жазылып отыр. Сондықтан бұл бағытты құқық қорғау органдары терең зерттеуі тиіс. 

Бұрын үй алған адамдарға қауіп бар ма?

Бұл сұрақ қазір көптеген азаматты алаңдатуы мүмкін. Автоматты түрде қауіп бар деп айтуға болмайды. Банк қызметкерінің заңсыз әрекеті анықталды екен деп, бұрын ипотека алған немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алған барлық адамның үйін қайта тексеріп, тартып алады деген сөз емес.

Бірақ егер тергеу барысында нақты бір тұрғын үй:

* заңсыз кезек жылжыту арқылы берілгені;

* жалған құжатпен алынғаны;

* клиенттің шын мәнінде бағдарлама талабына сәйкес келмегені;

* немесе қылмыстық схема арқылы алынғаныдәлелденсе, сол нақты мәмілеге құқықтық баға берілуі мүмкін.

Қазақстанның Азаматтық кодексінде заңға қайшы мақсаттағы мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты нормалар бар. Бірақ бұл үшін нақты құқықтық негіз және тиісті рәсім қажет: «банк қызметкері қылмыс жасады» деген фактінің өзі барлық клиенттің келісімін автоматты түрде жарамсыз етпейді. Сондықтан адал клиент пен қасақана схемаға қатысқан клиенттің құқықтық жағдайы бірдей болмауы тиіс.

Ал жалған анықтамамен үй алған адам ше?

Мұнда жағдай күрделірек. Егер клиент: «Менің табысым жетпейді, бірақ қызметкер жалған анықтама жасап берді, соның арқасында несие алдым» деп біліп тұрып схемаға қатысса, ол жай ғана «банк клиенті» болып қалмауы мүмкін.

Құқықтық саралау нақты істің мән-жайына байланысты болады: жалған құжат жасау, пайдалану, алаяқтық немесе басқа да құрамдар қаралуы мүмкін. Қазақстанның қолданыстағы Қылмыстық кодексінде құжаттарды қолдан жасауға және пайдалануға қатысты жауапкершілік, сондай-ақ алаяқтық пен коррупциялық қылмыстар бойынша нормалар бар. Ал егер клиент жалған құжаттың жалған екенін білмеген болса, оның жағдайы мүлдем басқа. Сондықтан әр клиент жеке зерттелуі керек.

Кім жауап береді? 

Мұнда жауапкершілікті үш деңгейге бөлу керек.

1. Тікелей заң бұзған қызметкер

Егер кінәсі дәлелденсе – бірінші жауапты тұлға.Банк оларды жұмыстан шығарған және құқық қорғау органдарына материал жіберген.

2. Схемаға қатысқан сыртқы тұлғалар

Егер риелтор, брокер, клиент, нотариус немесе басқа адам қызметкерге ақша беріп, заңсыз әрекет ұйымдастыруға қатысқаны дәлелденсе, оның да жауапкершілік мәселесі қаралады. Бірақ қазір аталған тұлғалардың барлығын қылмысқа қатысы бар деп айтуға болмайды.

3. Басқару және бақылау деңгейі

Мұнда мәселе қылмыстық емес, институционалдық жауапкершілік туралы. Егер басшылық заңсыз схеманы білген, оған жол берген немесе анықталған сигналдарға тиісті реакция жасамағаны дәлелденсе – бұл бөлек мәселе. Ал қазір ашық деректерде банк басшылығы осы нақты схемаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылды деген ақпарат жоқ. Сондықтан мұнда да асығыс айып тағу дұрыс емес.

Тергеудің аяғы не болуы мүмкін? 

Ең қызығы – осы. Қазір бізде сот үкімі жоқ, сотқа дейінгі тергеу бар. Сондықтан «пәлен адам кінәлі» деуге болмайды. Тергеу бірнеше бағытта жүруі ықтимал: бірінші – ақша қайдан келді? Қызметкерлерге қанша ақша берілді? Қолма-қол ма, аударыммен бе? Екінші мәселе – кімдер пайда көрді? Клиенттер анықтала ма? Риелторлар бар ма? Делдалдар бар ма?Үшіншіден, бұл жерде қанша тұрғын үй кезегі өзгерді? Бірнеше жағдай ма, әлде ондаған/жүздеген эпизод па? Төртіншіден, жалған анықтамамен қанша несие берілді? Бұл жерде кредиттік портфельге нақты әсері есептелуі керек. Бесінші сұрақ – банк ішіндегі басқа қызметкерлер білді ме? Егер бірнеше адам қатысқан болса, іс мүлде басқа деңгейге шығуы мүмкін. 

Ал «Отбасы банктің» өзі қазір қандай жағдайда?

Мұнда парадокс бар. Бір жағынан, банк жүйе үшін өте маңызды институтқа айналды. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап ол ұлттық даму институты мәртебесін алып, тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізе бастады. Бұған дейін әкімшіліктерде болған 642 мыңнан астам кезекші туралы деректер банкке берілген. Кейін база түгенделіп, мыңдаған адамның кезекке заңсыз немесе талапқа сай емес тұрғаны анықталған. 2026 жылғы банк мәліметі бойынша, түгендеу барысында 16 537 адам кезектен шығарылып, 75 456 адамды кезекке қоюдан бас тартылған. Негізгі себептердің бірі – адамның немесе отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің болуы немесе отбасы мүшелерінің қайталанып кезекте тұруы. Бұл – бір жағынан, бұрынғы жүйеде деректердің толық болмағанын көрсететін белгі. Екінші жағынан, дәл қазір банк тұрғын үй саласындағы ең маңызды операторлардың біріне айналды. Сондықтан оның ішіндегі коррупциялық тәуекелдің бағасы да бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.

Ең үлкен қауіп – халықтың сенімі

Мәселе 2-3 қызметкердің тағдырында ғана емес. «Отбасы банк» деген атаудың өзі азаматтардың санасында «үйге жинаймын», «мемлекеттік бағдарламаға қатысамын», «кезекке тұрамын», «арзан ипотека аламын» деген түсініктермен байланысты. Миллиондаған қазақстандықтың жинағы осы жүйеде. Сондықтан«ақша берсең, кезегің жылжиды» деген түсінік пайда болса, бұл тек банкке емес, мемлекеттің тұрғын үй саясатына деген сенімге соққы. Қала тұрғыны Бейбіт Жөкеұлы да тұрғын үй алу кезінде осындай ұсыныстарға тап болғанын айтады.

«Расымен де, бір танысым табысын растамай-ақ үй алдым дейді. Сонымен қатар “табысыңыз болмаса да, үй әпереміз” деп ұсыныс жасайтын адамдар көбейді. Бір-екі рет барып көрдім. Олар банктегі таныстарына шығатындай болады. Бірақ ешқандай нәтиже бермейді. Кімге сенерімізді білмеймін», – дейді ол.

Бейбіт Жөкеұлының айтуынша, мәселе тек күмәнді делдалдардың ұсынысымен шектелмейді. Оның өзі кредиттік тәртібінде проблема болмағанына қарамастан, баспана рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болған.

«Өз басым ешқандай кредитімді кешіктірген емеспін. Соған қарамастан үй алуға келгенде қиындықтар шықты. Бірақ оның нақты себебін ешкім түсіндіре алмады. Қазір банктің есебінде осындай фактілер анықталғанын оқығаннан кейін, кейбір нәрсе түсінікті бола бастағандай», – дейді қала тұрғыны.

Алайда бұл жерде маңызды бір шекара бар: Бейбіт Жөкеұлының жеке өтінішінің қабылданбауы немесе несие ала алмауы банк қызметкерлерінің коррупциялық әрекетімен тікелей байланысты болды деп айтуға әзірге негіз жоқ. Оның сөзі – қоғамдағы күмән мен сенім мәселесін көрсететін азаматтық пікір.

Бұл «Отбасы банктің» күйреуі емес, бірақ өте маңызды RED FLAG

Қазіргі ақпаратқа қарап, «Отбасы банкте жаппай коррупциялық жүйе бар» деп айтуға негіз жоқ. Бірақ керісінше, «бір-екі қызметкердің жеке қылмысы ғана, мәселе осымен бітті» деу де тым ерте. Себебі бір ғана есептің ішінде бірнеше қауіпті құбылыс қатар тұр. Олардың қатарында тұрғын үй кезегін жылжыту, заңсыз сыйақы, клиенттер мен риелторлардың мүддесін лоббилеу, жалған табыс құжаттары, несие өтінімдеріне жалған ақпарат енгізу;

және осы фактілер бойынша бірнеше қылмыстық істің тергелуі. Оған қоса, банк бұған дейін тұрғын үй кезегіндегі коррупциялық тәуекелдерге арнайы ішкі талдау жүргізген.

Сондықтан негізгі сұрақ енді «кім пара алды?» емес. Негізгі сұрақ: «Бұл адамдардың осындай әрекет жасауына мүмкіндік берген жүйе қандай болды?».

Егер тергеу тек бірнеше қызметкерді жұмыстан шығарып, іс сотқа жіберумен аяқталса, ертең дәл сондай схема басқа жерде қайталануы мүмкін.

Ал егер құқық қорғау органдары ақша бергендерден бастап, делдалдарға, банк ішіндегі рұқсаттар мен цифрлық іздерге дейін толық тізбекті анықтаса, бұл жағдай «Отбасы банкті» әлсірететін емес, керісінше оның жүйесін тазартуға мүмкіндік беретін маңызды нүктеге айналуы мүмкін. Үй – кезекте тұрған адамның ең үлкен арманы. Сол арманның бағасы параға айналмауы керек.

Барлық жаңалық