Атақты әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялап, үйіне қонаққа келген отандық эстраданың аңыздары АБК тобының мүшелерімен кездесуінен алған әсерін бөлісті. Өнер иесінің айтуынша, бұл ұжымның құрылғанына да, олармен таныс болғанына да биыл тура 30 жыл толған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қарақат Әбілдина АБК тобының әндері өзінің студенттік шағымен тығыз байланысты екенін, бұл топты көрген сайын уайымсыз, арманға толы жастық шағы есіне түсетінін жеткізді:
«АБК-ның әндерімен студенттік шағым өтті. Оларды көрген сайын көз алдыма бал-бұл жайнаған 18 жасым келеді… Арман көп, уайым аз, көңіл алаңсыз кез. Бүгін дастарқан басында отырып, сол күндерді бір-бірлеп еске алдық. Бір күлдік, бір күрсіндік…».
Әнші сырлы кеште өмірден ерте озған Медеу Арынбаевтың жубайы Айгүлді де ерекше тебіреніспен еске алды. Өнер иелерінің арасындағы сыйластық пен бауырмалдық жылдар өтсе де суымағаны байқалады.
«Медеудің келіншегі Айгүл марқұмды еске алдық. Айгүлмен туған абысындардай жақын араластық. Жаны сондай жақсы адам еді… Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын! Көрмеген жақсылығын артында қалған ұл мен қызына көру бұйырсын»,— деді ол.
Сонымен қатар, Қарақат Әбілдина топ мүшесі Ерлан Көкеевтің отбасындағы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Музыканттың қос қызы бір үйге келін болып түсіп, Ерлан мен жұбайы Анар екі мәрте құда-құдағи атанған.
Өмірдің қызық шындығы: Кеше ғана Қарақаттың ұзату тойында көйлегінің етегін ұстап жүрген 4-5 жасар кішкентай Айка бүгінде бір әулеттің үлкен келіні атаныпты.
Сөзін түйіндей келе, әнші уақыттың жүйріктігін айта отырып, ең басты байлық — адамдар арасындағы асыл естеліктер мен шынайы сыйластық екенін атап өтті:
«Адам кейде өткен күндерді емес, сол күндердегі өзін, жанындағы адамдарын, алаңсыз көңілін сағынады екен… Біз Астанада, сіздер Алматыда. Аман жүргенімізде осылай бас қосып, өткенді күліп еске алып, бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейікші. Өмірдің ең қымбат байлығы жылдар өтсе де жылуы жоғалмайтын адамдар мен жүректе қалған естеліктер екен», - деді ол.