Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық ортада деректерді қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Дербес деректерді қорғау туралы жаңа айтып өттіңіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Өте өзекті мәселе, бұл салада темірдей тәртіп болуы керек», - деп атап өтті премьер-министр.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрландыру министрі Жаслан Мәдиев киберқауіпсіздікті күшейту және дербес деректерді қорғау жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, дербес деректерді цифрландыру және қорғау, телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заңдарда мемлекеттік дерекқорлармен жұмыс істеуге, телефон алаяқтығына қарсы іс-қимылды күшейтуге және биометриялық сәйкестендіруді терең фейктерден қорғауға қосымша талаптар енгізіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мониторингі тәулік бойы жүзеге асырылуда, ал eGov-та азаматтарға өздерінің дербес деректеріне өтініштерді бақылау қолжетімді.