Спорт

Геннадий Головкин тағы бір жылы орынға жайғасуы мүмкін

Геннадий Головкин тағы бір жылы орынға жайғасуы мүмкін

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне кандидат ретінде ресми түрде тіркелді, деп хабарлайды  Ozgeris.info. 

Головкиннің кандидатурасы ұйым белгілеген біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша тиісті тексеруден өткен. Нәтижесінде ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан ISSA Атқарушы комитетінің 2026–2029 жылдарға арналған сайлауына қатысатын үміткерлер қатарына енгізілді.

Кандидаттардың ресми тізімі ISSA құрамына кіретін барлық Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге жолданған.

Ұйым басшылығына сайлау 2026 жылдың 12 қыркүйегінде Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның XV Бас ассамблеясы кезінде ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. Қауымдастық ұйымдастыратын ең ірі халықаралық жарыстардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

Барлық жаңалық