Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында адамгершілік, достық пен туыстық қарым-қатынас туралы ой қозғап, оқырмандарына әсерлі жазба арнады, деп жазады Ozgeris.info.
Әнші жазбасын ақын С. Әбеновтің өлең жолдарымен бастап, өмірдегі ең үлкен байлық материалдық дүние емес, адал достар мен сыйластық екенін атап өтті.
«Қу дүни қуып, жақыннан суып кеткендер қанша өмірде… Бәрі де жалған, бәрі де қалған, байлыққа сонша берілме! Шын байлық деген – адал достарың, Жақсымен бірге қадам басқаның. Сыйластық сәні, өмірдің мәні – Сол ғана, замандастарым…», – деп жазды ол.
Өнер иесі бұл әнді алғаш тыңдағанда ең алдымен жақындарынан алыстап кеткен жандар есіне түскенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде бір туған бауырлардың өзара өкпелесіп, араласпай жүруі көңілге қаяу түсіреді.
«Білесіз бе, осы әнді алғаш тыңдаған сәтте ойыма ең алдымен жақынын жат көріп кеткен жандар келді. Тіпті басқа емес бір туған бауырлардың өзі бір-біріне өкпелесіп, араласпай жүргенін көргенде көңілің шын құлазиды. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар айналамызда аз емес. Бірде жақсы араласып жүрген таныс қыздың: "Туған анаммен араласпаймын. Бір-бірімізді мүлде түсінбейміз", – дегенін естігенде, жағамды ұстадым. Анадан артық кім жақын?.. Мұндай да сұмдық болады екен-ау дедім ішімнен?!…».
Қарақат Әбілдина уақыт өте келе адамдар бір-бірін түсініп, татуласар деген үмітін жеткізді. Алайда жоғалған уақыт пен суыған көңілді қайта қалпына келтіру оңай емес екенін атап өтті.
«Ондай мысалдар тізе берсе жетеді… Мүмкін, уақыт өте келе бәрін түсінер, түсінісер. Бірақ жоғалған жылдар мен суыған көңілді қайтару мүмкін бе?!…», - деді ол.