Қоғам

«Мал» деген сөзге ғана жармасып жатыр»: Айдарбек Қожаназаров даулы мәлімдемесіне жауап берді

«Мал» деген сөзге ғана жармасып жатыр»: Айдарбек Қожаназаров даулы мәлімдемесіне жауап берді

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы» деген пікірталас тудырған мәлімдемесіне қатысты түсініктеме беріп, өзін сынағандарға жауап қайтарды. Саясаткер желіде тараған шулы сөзге емес, оның түпкі мәніне үңілуге шақырды, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Қожаназаровтың айтуынша, қоғамдағы кейбір азаматтар сөздің терең мағынасына бойламай, «мал» деген сөзге ғана жармасып отыр. Өз уәжін дәлелдеу үшін саясаткер Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен мысал келтірді.

«Абай қазақты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек дейді: біріншісі бек зор өкімет, ал екіншісі ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді. Мәселенің түйіні осы», - деп жазды саясаткер.

Партия лидері байлық пен дәулеттің адам бойындағы талант пен ақылды алмастыра алмайтынын, бірақ оны шыңдауға жол ашатын негізгі құрал екенін баса айтты.

Сөзін түйіндей келе, Айдарбек Қожаназаров өзіне айтылған сындардың негізсіз екенін білдіріп, оппоненттерін хакім Абайдың мұрасын дұрыс түсінуге шақырды.

«Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ. Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар. Ал «есепсіз бай боларға керек» деген сөзбен келіспесеңіздер Айдарбекпен емес, Абай атамызбен дауласыңыздар», - деді ол.

 

Барлық жаңалық