Белгілі әнші Роза Әлқожа Мәскеуге жасаған сапары туралы айтып, бірнеше күн әлеуметтік желіден алыстағаннан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесінің айтуынша, ол Мәскеуге қызын көру үшін барған. Төрт күн бойы байланысқа шықпаған әнші осы уақыт ішінде демалып, денсаулығына да көңіл бөлгенін жеткізді.
«Мәскеуде едім. Біраз адам іздепті. Төрт күн байланыста болмадым. Жүйкем тынышталып, қан қысымым реттеліп қалды. Қызыма барғанмын. Түріме қарап “мама, демал, тек ұйықта” деді ғой! Екінші рет баруым. Жол қозғалысы өте жақсы реттелген екен, баяғы кептеліс жоқ.
Жаяу жүргенде жолдың оң жағымен жүру деген тәртіп сақталған. Кей мейрамханада не басқа жерлерде кезекке тұру бар. Тұра сала ешкім телефон ұстамайды, жанталасып selfie жасамайды. Өйткені салудың мәні де жоқ, әлеуметтік желі жоқ», – деп жазды әнші.
Роза Әлқожа сапар барысында адамдардың көңіл күйіне де назар аударған. Ол тұрғындардың бойынан белгілі бір алаңдаушылықты байқағанын айтып, бейбіт әрі тыныш елде өмір сүрудің қадіріне тоқталды.
«Есесіне шүкір айтып өмір сүреді екен. Бір жағы адамдарда алаң бары анық. Ар жағында бейбітшілікті қалайды. Тыныш елде өмір сүргенге не жетсін?!» – деді Роза Әлқожа.
Сонымен қатар әнші жазбасының басында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнімен көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін білдірді.