Қоғам

Баспана кезегі жылдам жылжитын болды: жыл соңына дейін мыңдаған отбасы пәтерлі болады

  Баспана кезегі жылдам жылжитын болды: жыл соңына дейін мыңдаған отбасы пәтерлі болады

Елімізде баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін жағымды жаңалық бар: енді пәтер үлестіру жұмыстары бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүретін болды. Бұл туралы Үкімет отырысында «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті,деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Банктің Ұлттық даму институты мәртебесін алған алғашқы жылында-ақ 23,5 мың отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өтті. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі арта түспек.

«Жыл соңына дейін жалпы құны 130 млрд теңгені құрайтын тағы 8 812 кредиттік пәтерді бөлуді жоспарлап отырмыз. Барлық процесті цифрландырудың арқасында тұрғын үйді бөлу жылдамдығын үш есеге дейін арттырдық. Салыстырмалы түрде айтсақ: бұрын жергілікті әкімдіктер 700 қызметкердің күшімен жылына 7 мыңдай ғана пәтер беретін. Ал қазір Отбасы банкінде бұл ауқымды шаруаны басынан аяғына дейін бақылап, шешіп отырған бар-жоғы 20-ақ маман», -  деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, соңғы 1,5 жылдың ішінде «Отбасы банкінің» қолдауымен баспана кезегінде тұрған 40 мыңға жуық отбасы өз үйіне қол жеткізіп үлгерді. Үдерістің толықтай электронды форматқа көшуі пәтер алу кезегін анағұрлым ашық әрі жедел ете түсті.

Барлық жаңалық