Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Сарапшылар мен саясаттанушылар бұл бағытты Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметінің айқын ұстанымдарының бірі ретінде бағалайды. 2024 жылдың ақпанынан бері Үкімет отырыстарында отандық өндірісті қолдау мәселесі 30-дан астам рет көтерілген, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka телеграм арнасына сілтеме жасап.
Нәтижесінде бизнесті қолдау тетіктері бірнеше бағыт бойынша күшейтілді. Олардың қатарында жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардағы отандық өнім үлесін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өндірісті жергіліктендіру және ірі компанияларды қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыру бар.
Бұл саясаттың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге тек қаржылай қолдау көрсетумен шектелмей, Қазақстанда нақты өнім өндіретін кәсіпорындарға тұрақты сұраныс қалыптастыру.
Отандық өндірушілерден сатып алу екі есеге өсті
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың нәтижесі сатып алу көрсеткіштерінен де байқалады. Өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы отандық өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге жуық өсіп, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады.
2024 жылы қор компаниялары 11,1 мыңнан астам келісімшарт жасаса, өткен жылы келісімшарттардың жалпы көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жеткен. Жалпы 2 283 отандық тауар өндірушімен 8,9 мыңнан астам келісімшарт рәсімделді.
Ал биылғы жартыжылдықтың өзінде 3,8 мыңнан астам келісімшартқа қол қойылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 46 пайызға жоғары.
Мұндай көрсеткіштер мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алудың отандық өндірісті дамытатын маңызды құралға айналып келе жатқанын аңғартады. Тұрақты тапсырыс кәсіпорындарға өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдық сатып алуға, жұмыс орындарын ашуға және технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік береді.
«Ақылды протекционизм» деген не?
Бұл бағыттағы маңызды өзгерістердің бірі – «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» ақпараттық жүйесінің енгізілуі. Оның көмегімен Қазақстан аумағында шын мәнінде өнім шығаратын кәсіпорындарды анықтап, өзін өндіруші ретінде көрсететін делдал компанияларды ажырату көзделген.
Қазақстан және Орталық Азия бойынша саяси сарапшы, экономист Расул Қоспанов бұл саясатты «ақылды протекционизм» деп бағалайды.
«Бүгінде мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылымды жаңғыртудың ғана емес, өнеркәсіпті дамытудың да құралы ретінде қарастырылып отыр. Бектенов Үкіметі тұсында бизнесті қолдаудың жекелеген құралдары біртіндеп біртұтас өнеркәсіптік саясатқа айналып келеді. Оның басты қағидаты – мемлекет тек реттеуші ғана емес, өндірушілердің ең ірі тапсырыс берушілерінің бірі болуы керек. Қазақстан бүгінде «ақылды протекционизм» жолымен келе жатыр: қазақстандық өнімді сатып алу көлемі артып, өндірістерді жергіліктендіру белсенді жүргізілуде, ал ОТӨ тізілімі жалған өндірушілерді жүйеден шығаруға тиіс. Мұндай тәсіл индустрияландырудың табысты халықаралық тәжірибелеріне сәйкес келеді», – дейді Расул Қоспанов.
«Ақылды протекционизмнің» мәні – ішкі нарықты сыртқы бәсекеден толық жабу емес. Керісінше, нақты өндірісі бар отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Яғни мемлекеттік қолдауға ие кәсіпорын ел ішінде өнім өндіріп, жұмыс орындарын ашып, қосылған құн қалыптастыруы тиіс.
Қаржыдан бастап өткізу нарығына дейін
Қазір қазақстандық бизнес мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды құралдарын пайдалана алады. Олардың қатарында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі, Қазақстанның Даму Банкі, Qazaqstan Investment Corporation, Экспорттық-кредиттік агенттік және басқа да даму институттарының тетіктері бар.
Бұл жерде қолдау кәсіпкерліктің жекелеген санаттарына ғана бағытталмайды. Қаржыландыру, инвестиция және өткізу нарығы бір-бірімен байланыстырылып, жергілікті өндірісті тұтас дамытуға басымдық берілуде.
Өйткені кәсіпорын ашу үшін қаржы беру жеткіліксіз. Өндірушіге тұрақты тапсырыс пен өнімін өткізетін нарық та қажет. Сондықтан мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың отандық өнімді көбірек сатып алуы өндірісті ынталандырудың маңызды тетігі саналады.
Нақты өнім шығаратын кәсіпорындарға басымдық
Кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді оң бағалап отыр. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі Ефим Третьяк жаңа тізілім нақты өндірісі бар кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.
«Алдыңғы жылдары басымдық ірі өнеркәсіпке беріліп, шағын өндірушілер үшін жағдай әлдеқайда күрделі болды. «СТ-KZ» сертификаты арқылы кез келген бизнес жеңілдетілген несие мен қаржыландыруға қол жеткізе алатын. Алайда шын мәнінде өнім өндірген кәсіпорындар салықтық жүктемеге байланысты қиындық көрді. Кәсіпорындардың бір бөлігі бәсекеге төтеп бере алмады, көбі жабылды. Соңғы жылдары Премьер нақты өндірістік қуаты бар және ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын отандық кәсіпорындарды қолдауға басымдық беріп келеді. ОТӨ тізілімінің енгізілуін оң бағалаймын. Мұндағы негізгі талаптардың бірі – шынымен өнім өндіретініңді дәлелдеу. Иә, талаптар қатаң. Бірақ олар сапаға бағытталған және кейін мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді жеңілдетеді», – дейді кәсіпкер.
Бұл ретте қосылған құн мәселесі ерекше маңызды. Егер кәсіпорын өнімді Қазақстанда өндірсе, оның айналасында шикізат жеткізушілерінен бастап логистика, қызмет көрсету, инженерлік және басқа да салаларға дейін тұтас экономикалық тізбек қалыптасады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түседі, жергілікті мамандардың біліктілігі артады.
Мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек
Отандық өндірісті күшейту импортқа тәуелділікті төмендету үшін де маңызды. Әсіресе Қазақстанда өндіруге мүмкіндік бар тауарларды ел ішінде шығару сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелділікті азайтып, экономиканың тұрақтылығын арттыра алады.
Дегенмен мемлекеттік қолдаудың тиімділігі бөлінген қаражат көлемімен ғана өлшенбеуі керек. Оның нәтижесі қанша жаңа өндіріс ашылғаны, қанша жұмыс орны құрылғаны, отандық өнім үлесінің қаншалықты артқаны және кәсіпорындардың экспорттық нарыққа шыға алғаны арқылы бағаланғаны маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, сатып алулардың ұлғаюы, жеңілдетілген қаржыландыру, өндірісті жергіліктендіру және отандық тауар өндірушілер тізілімінің енгізілуі бір-бірін толықтыратын жүйеге айналып келеді.
Түпкі мақсат – мемлекеттік қолдауға тәуелді кәсіпорындар санын көбейту емес, Қазақстанда нақты өнім шығаратын, жұмыс орындарын ашатын, қосылған құн қалыптастыратын және бәсекеге қабілетті отандық өндірісті дамыту.