Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай сотта айыпталушыдан 10 миллиард теңге көлемінде өтемақы талап етуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, мұндай көлемдегі талаптың қойылуы айыпталушының алдағы уақытта жазасын жеңілдетуіне немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына жол бермеуді көздейді. Себебі айыпталушы көрсетілген соманы толық өтей алмаған жағдайда, тиісті жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігі шектеледі.
«Біріншіден, бұл – заңды тәсіл. Мұндай орасан соманы төлей алмаған қылмыскер жазасын жеңілдете алмайды және шартты түрде бостандыққа шыға алмайды. Бұл қарыз оған өмір бойы жүктеледі. Екіншіден, жәбірленуші тарап ретінде кез келген соманы сұрауға құқымыз бар, ал түпкілікті соманы сот шешеді. Біз өз тарапымыздан осы шешімді толық әрі дұрыс деп шештік», - деді Сұлтан Серікбай.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, жәбірленуші тарап өтемақы көлемін өзі көрсетуге құқылы. Алайда талаптың қаншалықты қанағаттандырылатыны және өндірілетін өтемақының түпкілікті мөлшері сот шешімімен белгіленеді.