Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» алғашқы маусым алдындағы кезеңі Қазақстан футболы үшін тарихи сәтке айналды. 17 жастағы шабуылшы Хаби Алонсоның негізгі командасымен бірге дайындалып, Австралия мен Азия турына аттанды, «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына алғашқы голын соқты. Алонсоның өзі Сәтпаевқа қатысты жылы пікір білдіріп, оның жылдамдығын, күшін және шабуылдағы қозғалысын ерекше атап өтті. Бірақ енді эмоциядан гөрі футболдық логика маңызды. Сәтпаевтың алдында үш жол тұр: «Челсиде» қалу, «Страсбурға» жалға кету немесе АПЛ-де өнер көрсететін «Халл Ситиге» ауысу.Меніңше, бұл жерде басты сұрақ «Дастан қай клубта ойнайды?» емес, «қай жерде келесі маусымда 25–30 толыққанды ойын өткізе алады?» болуы керек. Ozgeris.info тілшісі осы сұрақтарға жауап беріп көрді.
Хаби Алонсо Сәтпаевқа сене ме?
Иә, сенеді. Бірақ әзірге бұл «негізгі құрамда қалдырамын» деген сенім емес. Бұл екі нәрсені ажырату керек. Алонсо Сәтпаевты маусым алдындағы дайындыққа бірден негізгі командаға қосты. Одан кейін Австралиядағы алғашқы жолдастық кездесуде Дастанды негізгі құрамда шығарды. Ол сол ойында гол соқты.
Ең маңыздысы — Алонсо Сәтпаев туралы өзі пікір білдіргенде оның футболдық қасиеттерін нақты атады: допқа қауіп төндіреді, ішкі арнаға жақсы шабуылдайды, қанаттан орталық шабуылшы позициясына ауыса алады, физикалық тұрғыдан мықты әрі жылдам деді. Сонымен қатар, Сәтпаевтың осы маусымда «Челсиде» қалу-қалмауы бойынша әлі шешім қабылданбағанын айтты. Бұл өте маңызды белгі. Егер Алонсо Сәтпаевты мүлде өз жоспарына қоспаса, оны маусым алдындағы негізгі командамен бірге алып жүрудің қажеті жоқ еді. Демек, Сәтпаевтың «Челсидегі» есігі жабық емес. Керісінше, ашық тұр. Бірақ ол есіктен кіру үшін бәсекеде тағы бірнеше футболшыны басып озуы керек.
Негізгі проблема — шабуылшылар тым көп
Мұнда Сәтпаевтың ең үлкен мәселесі басталады. «Челсидің» қазіргі шабуыл шебінде Жоау Педру, Лиам Дэлап, Николас Джексон, Марк Гиу, Эммануэль Эмега бар. Бұған қанаттан шабуылға қосылатын Эстевао, Педро Нету, Коул Палмер, Джейми Гиттенс, Морган Роджерс және басқаларын қосыңыз. Клубтың 2026/27 маусымына арналған ресми тізімінде шабуылшылардың өзі бірнеше нұсқадан тұрады.
Яғни мәселе Сәтпаев «Челсидің» деңгейіне жете ала ма дегеннен бұрын, «Челси» оған тұрақты ойын уақытын бере ала ма деген сұрақта. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Сәтпаев талантты болуы мүмкін. Бірақ 17 жастағы футболшы үшін аптасына 5–15 минуттан алаңға шығу даму үшін жеткіліксіз.
«Челсиде» қалу: плюсі де, минусы да бар
Бір қарағанда, ең керемет сценарий — Лондонда қалу. Күн сайын әлемдік деңгейдегі футболшылармен жаттығу. Хаби Алонсоның жүйесі. АПЛ. «Стэмфорд Бридж». Үлкен клубтың ішкі ортасы. Оған қоса «Челси» биыл еурокубокта ойнамайды. Бұл бір жағынан минус сияқты көрінеді, бірақ Сәтпаев үшін кішкентай мүмкіндік болуы мүмкін. Еурокубоктың болмауы негізгі құрамдағы ойыншылардың матч санын азайтады. Демек, Алонсоның ротциясы да қысқаруы ықтимал. Бірақ екінші жағынан, «Челси» Англия Кубогы мен Лига кубогында ойнайды, сондықтан жастарға белгілі бір мүмкіндік бәрібір болады.Бірақ бір үлкен проблема бар. Еурокубоктың жоқтығы Сәтпаевқа автоматты түрде орын босатпайды. Керісінше, Премьер-лигада әрбір ұпай маңызды. Алонсо жас футболшыны тек талантты болғаны үшін негізгі құрамға шығармайды. Ол оның тактикалық тұрғыдан дайын екеніне көз жеткізуі керек.
Ал «Страсбур» ше?
Міне, ең қызықты нұсқа осы. «Страсбур» — жай ғана басқа клуб емес. Ол «Челсидің» BlueCo жүйесіне кіретін клуб. Бұған дейін де «Челси» жас футболшыларын «Страсбурға» тәжірибе жинауға жіберіп отырған. Қазірдің өзінде «Челсиден» «Страсбурға» бірнеше жас ойыншы жалға кеткен. Сондықтан Сәтпаев үшін бұл жолдың артықшылығы өте үлкен. Лондоннан алыстамайды, бірақ тұрақты футбол ойнауға жақындайды.Франция чемпионаты да жоғары деңгейлі орта.Егер Сәтпаев «Страсбурға» барып, бірден негізгі құрамда ойнай бастаса, оның дамуында үлкен секіріс болуы мүмкін.
Бұл оның «Челсиге» қайта оралғанда дайын футболшы болуына көмектеседі.
Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір ең рационалды жол — «Страсбур». Сәтпаевқа «Страсбурда» нақты ойын уақыты кепілденуге жақын болуы керек.
Егер ол жерде де қосалқы құрамда отыратын болса, онда мұндай арендадан пайда аз.
Спорт сарапшысы Қайрат Қазездің пікірінше, Сәтпаевтың тағдырын шешкенде «Челси» деген атауға эмоциямен қараудың қажеті жоқ. Қазір ең маңыздысы — футболшының тұрақты ойын тәжірибесін жинауы.
«Эмоцияны қойып, Дастанды «Страсбурға» жіберу керек. Әйтпесе АПЛ-де ойнайды деген атақ қана болып қалуы мүмкін. Дастанға қазір тәжірибе керек. «Страсбур» шабуылға мән беретін командалардың бірі. Оның үстіне Лига 1 — өте мықты чемпионат. Сондықтан меніңше, дәл осы бағыт дұрыс», — дейді Қайрат Қазез.
Бұл пікірдің жаны бар. Себебі Сәтпаевтың қазіргі жағдайында «Челси» сапында қалу мен «Челсидің» ойыншысы болу — екі бөлек нәрсе. 17 жастағы футболшы үшін Лондондағы жаттығуларда жүру, АПЛ матчтарының атмосферасын сезіну, әлемдік жұлдыздармен бір командада болу — үлкен мектеп. Бірақ егер маусым бойы ол негізінен қосалқы құрамда қалып, алаңға соңғы минуттарда ғана шығатын болса, оның жеке дамуы баяулауы мүмкін. Ал «Страсбурдағы» тұрақты ойын Сәтпаевқа мүлдем басқа тәжірибе береді. Ол жерде Дастан Лига 1 қорғаушыларына қарсы ойнап, ересектер футболының физикалық және тактикалық талаптарына бейімделеді. Ең бастысы — қателесуге, үйренуге және өз орнын табуға мүмкіндік алады.
«Халл Сити» — ең қауіпті, бірақ ең қызық нұсқа
«Халл Сити» биыл АПЛ-ге қайта оралды. Команда өткен маусымда Чемпионшип плей-оффының финалында «Мидлсброны» жеңіп, тоғыз жыл үзілістен кейін Премьер-лигаға шықты. Қазір клубтың Сәтпаевты жалға алуға қызығушылық танытқаны туралы ақпарат шықты. Бұл нұсқаның бір үлкен плюсі бар. Дастан Англияда қалады. Бұл сценарий жүзеге асса, Дастан ағылшын футболына бейімделеді, АПЛ қарқынын сезінеді және «Челси» оны бақылай алады. Лондонға географиялық жағынан жақын және ағылшын тілін, мәдениетті, футбол ортасын тезірек меңгереді. Бірақ үлкен қауіп те бар. «Халл» — чемпиондыққа таласатын команда емес. Олар бірінші кезекте АПЛ-де қалу үшін күреседі. Мұндай команданың бапкері үшін әр матчтың бағасы өте жоғары. Сондықтан «Халлда» Сәтпаевтың негізгі құрамға бірден енуі міндетті емес Бірақ бір сценарийді де жоққа шығаруға болмайды
Сәтпаевтың «Челсиде» қалуы екіталай
Ол үшін клубтағы шабуылшылардың тағдыры шешуші болады. Қазір «Челсидің» шабуыл шебіндегі бәсекелестік өте жоғары. Клубтың өзі де құрамды қысқартуы керек: маусым алдындағы тур кезінде негізгі командаға қатысқан ойыншылар саны өте көп болды, ал баспасөзде құрамды айтарлықтай қысқарту қажеттігі айтылып жатыр.
Егер бірнеше шабуылшы сатылса немесе жалға кетсе, Сәтпаевтың жағдайы күрт өзгеруі мүмкін.Мысалы, егер ол: Жоау Педру - негізгі шабуылш, ал Сәтпаев → ротация ойыншысы болса, қалуға болады.
Ең маңыздысы — Сәтпаевтың жасы
Мұны ұмытпау керек. Ол небәрі 17 жаста.Оның қазір «Челсидің» негізгі құрамында әр матчта 60–90 минут ойнамауы — проблема емес.Проблема болатын нәрсе — бір жыл бойы футбол ойнамай қалуы. Сәтпаевқа қазір мәртебе емес, минут керек.
Алонсоның Сәтпаевқа берген бағасы — үлкен капитал
Меніңше, қазіргі жағдайда ең маңызды жаңалық — Сәтпаевтың голы емес. Алонсоның оның ойынын көріп, нақты футболдық қасиеттерін атап өтуі. Себебі бұл Сәтпаевтың жай ғана «Челсидің болашаққа алған жас футболшысы» емес екенін көрсетеді. Алонсо оны бұрыннан біледі — ол Сәтпаевты «Алматыда» ойнаған кезінен бақылағанын айтты. Тіпті «Реал Мадрид» кезінде Қазақстанда «Қайратқа» қарсы ойында оның ойынын көрген. Демек, қазіргі бапкер үшін Сәтпаев — белгісіз ойыншы емес. Бұл оның үлкен артықшылығы.
Ал Хаби Алонсоның сенімі бұл жерде бәрібір маңызды. Егер испаниялық маман Сәтпаевты өз жоспарына нақты қосып, АПЛ-де жеткілікті минут бере алатынына сендірсе — Лондонда қалудың мәні бар. Бірақ ондай кепілдік болмаса, «Челсиде қалдым» деген әдемі статусқа қарағанда, «Страсбурда 25–30 матч ойнадым» деген тәжірибе әлдеқайда құнды. Сәтпаевтың келесі қадамы оның мансабындағы ең маңызды шешімдердің біріне айналуы мүмкін. Қазір оған атақ емес — ойын керек.