Қазақстанда ұялы телефон нөмірін рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді SIM-карталарды дүкеннен сатып алу мүмкін болмайды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Алдағы уақытта оларды тек байланыс операторларының ресми кеңселерінен ғана алуға болады. Бұл ретте сатып алушы міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс.
Мұндай қадам алаяқтықтың алдын алу үшін қабылданып отырған шешім. Себебі кейінгі жылдары біреудің атына тіркелген SIM-карталар арқылы түрлі заңсыз әрекеттер жиілеген.
Бұған қоса алдағы уақытта eGov порталы арқылы ұялы байланыс нөмірін онлайн сатып алу мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялады. Қазір бұл норма қоғамдық талқылау кезеңінде.
Министрлік жанындағы Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Кабенов бастаманы былай деп түсіндіреді:
«Бүгінгі күні операторлар бізден белгілі бір нөмір пулын (жиынтығын) алады, кейін оларды азаматтарға ұсынады. Енді біз заң жобасы аясында бұл нөмірлерді eGov арқылы тарату мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», деді Олжас Кабенов.
Яғни, болашақта қазақстандықтар нөмірді үйден шықпай-ақ онлайн таңдап, рәсімдей алады. Алайда бұл заң әлі бекітілген жоқ. Қашан күшіне енетіні де белгісіз.
«Өзгерістер телекоммуникация саласын цифрландыруға және азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған. Ал дәл қазірдің өзінде SIM-карта рәсімдеуге барған адам биометриялық тексеруден өтіп, өзінің жеке тұлғасын дәлелдеуі міндетті», дейді О. Кабенов.