Жаңалықтар

Коммуналдық төлемді тек бір жерден төлеу керек

Қазақстанда енді су, жарық, интернет пен қоқыс төлемдері үшін бөлек-бөлек түбіртек күтудің қажеті болмайды. Коммуналдық және қосымша тұрғын үй қызметтеріне арналған Бірыңғай төлем құжаты (БТҚ) енгізіле бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жоба Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен облыс әкімдіктерінің бірлесуімен іске асырылып жатыр. Ведомствоның хабарлауынша, қазір БТҚ-ға электр энергиясы, су, жылу, қоқыс шығару, интернет пен байланыс қызметтері енгізілген. Яғни бір электронды түбіртекте барлық негізгі қызметтер көрсетіліп, төлем жасау айтарлықтай жеңілдейді. Уақыт үнемделеді, қағаз азаяды, жүйе цифрландыруға жақындайды. Қазір бұл қызмет Астана мен Алматыда белсенді жұмыс істейді. Шымкентте сумен және газбен жабдықтау жүйелері бірыңғай құжатқа біріктіріле бастады. Ал Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында БТҚ-ны кеңейту жұмыстары қарқын алған. Дегенмен, елімізде әлі бұл жүйеге қосылмаған 4 қала, 63 аудан және 3000-ға жуық ауыл бар. Министрліктің мәліметінше, бұл елді мекендерде енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, 2024 жылдан бастап коммуналдық тарифтер АЕК (айлық есептік көрсеткіш) негізінде есептеледі, бұл бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
Барлық жаңалық