Мемлекет басшысы Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті, деп хабарлайды Ozgeris.info
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйені дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан технологияны жетік меңгерген мамандардың жаңа буынын қалыптастыру үшін білім, ғылым және цифрлық дағдыларды дамытуға басымдық беріп келеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына тоқталды. Оның сөзінше, бұл жоба келешек ұрпаққа маңызды мұра қалдыруға мүмкіндік береді. Бастама аясында мектептер, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan жобасының іске қосылуын құптап, оның отандық университеттермен, стартаптармен және технологиялық компаниялармен серіктестікті кеңейту жоспарына қолдау білдірді.
Бұдан бөлек, Президент Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс айтты.
Кездесуде Network School негізін қалаушы Қазақстанда заманауи технологиялар мен дәстүрлі экономика салаларының өзара үйлесім тауып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жоба цифрлық шешімдерді дамытуға, адам капиталын нығайтуға және инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.