🤖 Digital

Жасанды интеллект сауда мәдениетін өзгертті, бірақ сенім бұрынғыдай маңызды

Жасанды интеллект сауда мәдениетін өзгертті, бірақ сенім бұрынғыдай маңызды

Қазақстандықтар интернет арқылы сауда жасағанда жасанды интеллектіні (ЖИ) бұрынғыдан жиі пайдалана бастады. Бағаны салыстыру, тауар туралы пікірлерді оқу немесе сыйлық таңдау сияқты күнделікті әрекеттердің бір бөлігін бүгінде алгоритмдер атқарады. Алайда төлем жасауға келгенде тұтынушылардың басым бөлігі соңғы шешімді әлі де өздері қабылдағысы келеді. Бұл үрдіс цифрлық технологиялардың қаншалықты жылдам дамығанын ғана емес, цифрлық коммерциядағы сенім мәселесінің әлі де шешуші фактор болып отырғанын көрсетеді, деп жазады Ozgeris.info Bluescreen.kz-ке сілтеме жасап. 

Visa компаниясының Қазақстандағы Stay Secure атты жыл сайынғы зерттеуі елдегі тұтынушылардың цифрлық саудаға, интернет-алаяқтыққа және жаңа технологияларға деген көзқарасын саралады. Wakefield Research жүргізген сауалнама жасанды интеллект пен әлеуметтік желілердегі сауданың қарқынды дамуына қарамастан, қауіпсіздікке деген сұраныстың бұрынғыдан да күшейгенін көрсетті.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 72 пайызы онлайн сауда кезінде жасанды интеллект құралдарын қолданып көрген. Ең жиі пайдаланылатын мүмкіндіктердің қатарында бағаны салыстыру (49 пайыз), сыйлық таңдау идеяларын іздеу (49 пайыз), сондай-ақ тауардың рейтингі мен сатып алушылар қалдырған пікірлерді талдау (42 пайыз) бар.

Мұндай технологиялардың кең таралуының өзіндік себебі де жоқ емес. Сауалнамаға қатысқандардың 93 пайызы жасанды интеллектіге негізделген цифрлық шешімдер интернет арқылы сауда жасауды әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы ететінін айтқан. Бұдан бөлек, қазақстандықтардың 27 пайызы жаңа брендтер мен өнімдерді іздеу барысында да ЖИ мүмкіндіктеріне жүгінеді.

Дегенмен төлем жасау мәселесінде сақтық басым. Зерттеу көрсеткендей, бүгінгі күні тұрғындардың небәрі 14 пайызы ғана төлемді толықтай жасанды интеллект көмекшілеріне сеніп тапсыруға дайын. Бұл тұтынушылар үшін төлем қауіпсіздігі мен қаржыға бақылау жасау мүмкіндігі технологиялық жаңалықтан әлдеқайда маңызды екенін аңғартады.

Жасанды интеллектке деген сенім оның алаяқтықпен күрестегі мүмкіндіктеріне келгенде айқынырақ байқалады. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 66 пайызы бүгінде ЖИ күмәнді әрекеттерді анықтауға көмектеседі деп есептейді. Ал 72 пайызы алдағы уақытта дәл осы технология интернет-алаяқтықтан қорғайтын негізгі құралдардың біріне айналады деген пікірде.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілер тек ақпарат алмасатын алаң ғана емес, толыққанды сауда нарығына айналды. Қазақстандықтардың 48 пайызы Instagram, TikTok немесе басқа да әлеуметтік платформалар арқылы тікелей тауар сатып алғанын айтқан.

Алайда жаңа сауда арналарының көбеюімен бірге қауіп те артып келеді. Соңғы бір жыл ішінде сауалнамаға қатысқан азаматтардың төрттен бірі қаржылық алаяқтыққа тап болған. Зардап шеккендердің 32 пайызы алаяқтық дәл әлеуметтік желілерде болғанын мәлімдеген. Бұл көрсеткіш интернет-дүкендер мен маркетплейстердегі жағдайдан жоғары.

Зерттеу балалардың да цифрлық ортадағы қауіп-қатерге жиі ұшырай бастағанын көрсетті. Респонденттердің 71 пайызы балалар интернеттегі алаяқтық тәсілдерін ажыратуда қиналады деп есептейді. Ал сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы өз ортасындағы баланың ойын ойнау немесе интернет арқылы сауда жасау кезінде алаяқтардың құрбаны болғанын жеткізген. Оның ішінде 23 пайыз жағдайда алаяқтық ойын платформаларындағы хабарламалар мен чаттар арқылы жүзеге асқан.

Мұндай алаңдаушылықтың күшеюіне балалардың цифрлық қаржы құралдарына қолжетімділігінің артуы да әсер етіп отыр. Қазақстандағы ата-аналардың 20 пайызы баласының мобильді төлем қосымшаларын немесе электрондық әмияндарды пайдаланатынын айтқан.

Зерттеу цифрлық қауіпсіздік мәселесінде азаматтардың жауапкершілікті ең алдымен ірі платформалар мен қаржы институттарына жүктейтінін де көрсетті. Респонденттердің 33 пайызы тұтынушыларды қорғауға бірінші кезекте онлайн-маркетплейстер жауапты болуы тиіс деп санайды. 32 пайызы интернетте тауарды жарнамалайтын контент жасаушыларды жауапты деп есептесе, 31 пайызы бұл міндет банктер мен қаржы ұйымдарының мойнында болуы керек деген пікір білдірген. Ал небәрі 7 пайызы ғана негізгі жауапкершілік тұтынушының өзіне тиесілі екенін айтқан.

Сонымен қатар пайдаланушылар қаржы ұйымдарынан қауіпсіздікті күшейтетін жаңа қызметтер күтеді. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 56 пайызы күмәнді операция анықталған сәтте банктен немесе төлем қосымшасынан бірден хабарлама алғысы келеді. Ал 35 пайызы төлем кезінде жеке басын қосымша растау тетігі қауіпсіздік сезімін арттыратынын жеткізген.

Visa компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша вице-президенті әрі өңірлік менеджері Санжар Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық сауда көлемі артқан сайын алаяқтық тәсілдері де күрделене түсуде. Сондықтан қауіпсіздік тек бір ұйымның емес, бүкіл цифрлық экожүйенің ортақ міндетіне айналуы қажет.

«Visa Stay Secure зерттеуі онлайн сауда мен әлеуметтік коммерция кеңейген сайын алаяқтық схемаларының да қатар дамып отырғанын көрсетеді. Сондықтан тиімді қорғанысқа қол жеткізу үшін қаржы ұйымдары, онлайн-платформалар, мемлекеттік құрылымдар және технологиялық компаниялар бірлесіп әрекет етуі қажет. Зерттеу нәтижелері тұтынушылардың нарық қатысушыларынан заманауи қауіпсіздік құралдарын, ашық әрі түсінікті қорғаныс тетіктерін күтетінін көрсетті. Себебі цифрлық төлем жүйесінің тұрақты дамуы ең алдымен пайдаланушылардың сеніміне байланысты. Сенім болған жерде ғана жаңа технологиялар кеңінен қолданылады», дейді Санжар Сүлейменов.

Оның айтуынша, жасанды интеллектке негізделген цифрлық коммерцияның жаңа кезеңі басталып келеді. Бірақ бұл өзгерістердің табысты болуы технологияның өзінен бұрын тұтынушылардың сеніміне тәуелді.

«Коммерция барған сайын жасанды интеллектке негізделген интеллектуалды модельдерге көшіп жатыр. Тұтынушылар мұндай мүмкіндіктерді пайдалануға дайын болғанымен, олар үшін ашықтық, бақылау және қауіпсіздік қағидаттары бұрынғысынша басты орында тұр. Visa пайдаланушылардың сеніміне негізделген цифрлық коммерцияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған инфрақұрылым мен технологиялық шешімдерді дамытуды жалғастыра береді. Соның бір мысалы – өңірде іске қосылған Agentic Ready бағдарламасы. Бұл жоба Visa Intelligent Commerce жаһандық бастамасының бір бөлігі ретінде цифрлық төлемдердің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған», дейді ол.

Жасанды интеллект алдағы жылдары онлайн сауданың ажырамас бөлігіне айналады. Бірақ қандай технология пайда болса да, тұтынушы үшін басты құндылық өзгермейді. Ол – қауіпсіздікке деген сенім. Демек цифрлық коммерцияның болашағы тек жаңа алгоритмдердің мүмкіндігіне емес, сол технологиялардың адамның қаржысын қаншалықты сенімді қорғай алатынына байланысты болмақ.

 

Барлық жаңалық