Шілде қазақстандықтар үшін тек демалыс маусымының қызатын шағы емес. Биылғы шілде көптеген жаңалықпен бірге келеді. Бірқатар заңнамалық өзгеріс күшіне еніп, банктік қызметтен бастап онлайн саудаға, аулаларды абаттандырудан бастап төлем жүйелеріне дейінгі көптеген салада жаңа талаптар енгізіледі. Кей жаңашылдық күнделікті өмірді жеңілдетсе, енді бірі азаматтар мен кәсіпкерлерден жаңа тәртіпке бейімделуді талап етеді, деп жазады Ozgeris.info Digitalbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
QR төлем дәуіріндегі жаңа талап
Шілденің ең көп талқыланатын жаңалығының бірі – төлем жүйесіндегі өзгерістер. 19 шілдеден бастап қызметтің бірқатар түрімен айналысатын кәсіпкерлер POS-терминал орнатуға міндеттеледі. Бұған дейін кей кәсіпкерлер төлемді тек белгілі бір банктің QR-коды арқылы қабылдап келген еді. Енді мұндай тәжірибе шектеледі.
Жаңа талапқа сәйкес шаштараздар, сұлулық салондары, курьерлік қызметтер, спорт және демалыс ұйымдары, дизайнерлік студиялар, ғимараттарға қызмет көрсететін компаниялар клиенттерге төлем жасаудың барлық негізгі тәсілін ұсынуы қажет. Яғни банк картасы, мобильді төлем және Бірыңғай банкаралық QR жүйесі қолжетімді болуы тиіс.
Бұл өзгеріс тұтынушы таңдауын кеңейтіп қана қоймай, төлем нарығындағы бәсекені күшейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бірыңғай QR жүйесі арқылы азаматтар қай банктің клиенті екеніне қарамастан кез келген дүкенде немесе қызмет көрсету орнында төлем жасай алады.
Осы күні Kaspi.kz те Бірыңғай банкаралық QR жүйесіне қосылады. Қазіргі таңда жүйе сынақтан өтіп жатыр. Егер жоба толық іске қосылса, қазақстандықтар түрлі банк қосымшасы арасында ауысып жүрмей-ақ төлем жүргізе алады.

Банк қызметінде бақылау күшейеді
12 шілдеден бастап қашықтан банк шотын ашу тәртібі де өзгереді. Енді тек телефон нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу жеткіліксіз болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысына сәйкес банктер клиенттің тұлғасын бірнеше деңгейде тексеруге міндетті. Атап айтқанда, азаматтың бет-бейнесі мемлекеттік деректер базасымен салыстырылады. Сонымен қатар көрсетілген телефон нөмірінің нақты сол азаматқа тиесілі екені тексеріледі. Кей жағдайда электрондық цифрлық қолтаңба сұралуы мүмкін.
Мамандар бұл өзгеріс алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталғанын айтады. Соңғы жылдары бөтен адамның атына несие рәсімдеу немесе жалған аккаунт арқылы қаржылық операция жүргізу деректері жиілеген. Сондықтан жаңа талаптар цифрлық қауіпсіздікті күшейтуді көздейді.
Көлік рәсімдеу жеңілдейді
12 шілдеден бастап Ішкі істер министрлігінің цифрлық реформасы аясында бірнеше жаңалық енгізіледі.
Ең алдымен, автоматты беріліс қорабы бар көлікпен емтихан тапсырған жүргізушілерге механикалық көлік басқаруға рұқсат беріледі. Бұған дейін бұл мәселе қоғамда жиі талқыланып келген еді. Сондай-ақ автокөлікті сату-сатып алу рәсімі толықтай қашықтан жүзеге асады. Сатушы мен сатып алушы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы мәмілені мемлекеттік портал немесе банк қосымшалары арқылы рәсімдей алады.
Көлік құралдарын тексеру де цифрландырылады. Полицейлер көліктің сәйкестендіру нөмірін суретке түсіріп, электронды акт жасайды. Мұндай құжат 14 күн бойы жарамды болады.

Онлайн сауда қымбаттай ма?
1 шілдеден бастап шетелдік маркетплейстер арқылы сауда жасайтын азаматтарға қатысты жаңа тәртіп күшіне енеді. Енді үшінші елдерден келетін тауарларға 16 пайыздық қосылған құн салығы қолданылады. Бұл салықты шетелдік сауда алаңдары тауар бағасына бірден енгізеді. Сонымен қатар құны 200 еуродан немесе салмағы 31 келіден асатын сәлемдемелерге бес пайыз көлемінде кедендік баж салығы салынады.
Тағы бір маңызды өзгеріс – барлық халықаралық сәлемдемені декларациялау міндеті. Бұл талап Temu, Taobao, Pinduoduo секілді алаңдардан тапсырыс беретін азаматтарға қатысты болады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жұмыс істейтін Wildberries пен Ozon арқылы жасалған тапсырыстарға мұндай рәсім қолданылмайды.
Ауладағы тәртіпке талап күшейеді
Шілдеден бастап елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары күшіне енеді. Құжатта алғаш рет «іргелес аумақ» ұғымы нақты көрсетілген. Яғни ғимаратқа, дүкенге, құрылыс нысанына немесе қоршауға жанасып жатқан бес метрлік аумаққа жауапкершілік сол нысан иесіне жүктеледі. Бұдан бөлек, үй жануарларын серуендеткен кезде олардың қалдықтарын жинау міндеттеледі. Бұл талап көптеген елде бұрыннан бар тәжірибе саналады.
Сондай-ақ көлікті балалар алаңына, спорт алаңына, көгалға немесе жаяу жүргінші жолына қоюға болмайды. Ережені бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Жаңа қағидаларда қар тазалау мерзімі, көшедегі жарық шамдарының жұмыс істеу деңгейі, ғимарат шатырларын мұз бен қардан тазарту тәртібі де нақты белгіленген.

«Теңге» атауы ресми бекітіледі
1 шілдеден бастап күшіне енетін тағы бір өзгеріс ұлттық валютаның атауына қатысты. Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес барлық ресми құжатта бұрын қолданылған «тенге» нұсқасының орнына мемлекеттік тілдегі дұрыс атау – «теңге» жазылады. Бұл өзгеріс жаңа құжаттарға ғана қатысты. Бұған дейін рәсімделген құжаттарды қайта ауыстырудың қажеті жоқ.
Осылайша шілде айы қазақстандықтар үшін демалыспен ғана емес, күнделікті өмірдің түрлі саласына әсер ететін бірқатар өзгеріспен де есте қалғалы тұр. Кей жаңалықтар азаматтарға қосымша жауапкершілік жүктесе, енді бірі мемлекеттік қызмет пен қаржы операцияларын анағұрлым ыңғайлы етуге бағытталған.