Әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл туралы оның продюсері Жан Мұқанов мәлімдеді.
Продюсердің айтуынша, әнші Павлодардағы ипподромның ресми ашылу салтанатына қатыспай, келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді орындамаған. Осы жағдайдан кейін команда күзге жоспарланған барлық концерттер мен халықаралық гастрольдік турларды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Мәлімдемеге сәйкес, арнайы шешім қабылданғанға дейін Төреғали Төреәлі концерттерде, жеке іс-шараларда және өзге де сахналарда өнер көрсетпейді. Сонымен қатар, «Төреғали Төреәлі» брендін пайдалану құқығы әзірге продюсерлік орталықтың бақылауында қалып, ұйымдастырушылардың шығындарын өтеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жан Мұқанов соңғы бір жылда әншінің ауқымды жұмыс атқарғанын айтып, оған бұл кезеңнен сабырмен өтуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ ол Шымкентте өткен концерттің де продюсерлік орталықпен келісілмегенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлі Алматыда өткен «Қайрат» – «Қызылжар» матчының үзілісінде өнер көрсетіп, сахнадағы әрекеттеріне байланысты әлеуметтік желіде қызу талқыланып, сынға ұшыраған болатын.