💰 Экономика

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі соңғы 25 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі соңғы 25 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі биылғы он айда 9,3%-ға өсті. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, соңғы үш жылда саладағы өндіріс көлемі 14,5%-ға артып, оған тартылған инвестиция екі есе көбейген. Қазір инвестиция көлемі 3 трлн теңгеге жетті,деп хабарлайды Ozgeris.info.

Министр бұл туралы Қазақстан Республикасы Құрылтайындағы Үкімет сағатында мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2024 жылдан бері өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі үш жыл қатарынан тау-кен саласынан жоғары болып келеді. Саланы одан әрі дамыту үшін металлургия, машина жасау, химия және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарына басымдық беріліп отыр.

Атап айтқанда, 2021 жылдан бері отандық өңдеуші кәсіпорындарға шикізатты нарықтық бағадан 5%-ға дейін төмен бағамен сатып алу мүмкіндігі берілген. Бұл тетік мыс, алюминий және мырышқа қолданылады. Оның аясында өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасында 30 келісім, мыс катанкасын жеткізу бойынша 15 сауда келісімшарты жасалған.

Осы қолдаудың нәтижесінде Алматыда радиатор, Шымкентте профиль, Жетісу облысында аккумулятор, Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылды. 2029 жылдың соңына дейін мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есе, қорғасын өңдеуді 14%-ға арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2030 жылға дейін Қарағанды және Абай облыстарында жылына 300 мың тонна мыс өңдейтін екі зауыт салу көзделген.

Машина жасау саласында да өсім байқалады. Соңғы үш жылда өндіріс көлемі 22,4%-ға артып, 5,8 трлн теңгеге жеткен. Саланың 40%-ы автомобиль өндірісіне тиесілі. Қазір елімізде автокөлікке арналған бөлшектер, мультимедиялық жүйелер, орындықтар, шина, жылыту және салқындату жүйелері шығарыла бастады. Жыл соңына дейін Қостанайда жылына 60 мың данаға дейін автокомпонент өндіретін кәсіпорын іске қосылады.

Химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі биылғы он айда 22%-ға өскен. Биыл 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыт іске қосылды. Сонымен бірге полипропилен өндірісі жолға қойылып, полиэтилен өндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ал тыңайтқыш өндірісін 2030 жылға қарай 4 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Құрылыс материалдарын өндіру көлемі соңғы үш жылда 23%-ға артқан. Қазір ішкі нарықтағы сұраныстың 73%-ы отандық өнім есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы құны 975 млрд теңге болатын 98 инвестициялық жоба белгіленген. Оларды іске асыру арқылы отандық өнімнің үлесін 80%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жеңіл өнеркәсіпте де өсім бар. Былтыр өндіріс көлемі 20%-ға артса, биылғы он айда бұл көрсеткіш 60%-ды құраған. Саланы дамыту үшін бес жылдық кешенді жоспар әзірленді. Оның аясында отандық өнімді жеткізу мерзімін төрт айға дейін ұзарту, жер қойнауын пайдаланушылармен және квазимемлекеттік компаниялармен бес жылға дейінгі келісімшарттар жасау, жеңілдетілген несие мен салықтық қолдау тетіктерін енгізу қарастырылған.

Министрдің мәліметінше, 2023 жылдан бері елімізде жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 670 инвестициялық жоба іске асырылған. Жаңа кәсіпорындарда шамамен 6 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, оның үштен біріне жуығы экспортқа шығарылған. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жобаны іске асырып, 17 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазір оның 130-ы іске қосылған.

Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау үшін офтейк-келісімшарттар жасалып жатыр. 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен 800 млрд теңгеге жуық сомаға 104 келісімшарт жасалған. Мұнай-газ саласында 3 млрд теңгеге 109 келісімшарт бекітілген. Ал «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндірістер ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңгенің 1 400-ден астам офтейк-келісімшарты жасалған.

Нағаспаевтың айтуынша, осы жобаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Министрлік алдағы уақытта да офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өндіріс көлемін кеңейтуді көздеп отыр.

Министр құрылыс саласында да қазақстандық материалдарды пайдалануды бақылау күшейтілетінін айтты. Жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға бергенге дейін отандық құрылыс материалдарының қолданылуы цифрлық бақылауға алынады. Бұл импорттық өнімдерді негізсіз алмастыруға жол бермеуге бағытталған.

Қазір Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімінде 2,7 мыңнан астам кәсіпорын бар. Олар 84 мыңға жуық тауар түрін шығарады. Алдағы уақытта өндіріс туралы мәліметтерді жасанды интеллект көмегімен талдау және кәсіпорындардың өндірістік қуатын көрсететін цифрлық панель құру жоспарланып отыр.

Барлық жаңалық