АҚШ-та Delta Air Lines әуе компаниясының автоматтандырылған жүйесінде ақау болып, рейстердің кешігуіне себеп болды. Бұл туралы компанияның мәлімдемесіне сүйенген The Wall Street Journal мен Associated Press хабарлады. Ақпаратты АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы да растаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Компанияның мәліметінше, ұшақтардың салмағы мен ауырлық орталығын есептейтін автоматтандырылған жүйеде ақау анықталған. Delta өкілдері бұл мәселенің АҚШ-тың әуе қозғалысын басқару жүйелеріне қатысы жоқ екенін атап өтті.
Ақауды жою жұмыстары жүріп жатқан кезде әуе компаниясының қызметкерлері рейстерді қауіпсіз орындау үшін есептеулерді қолмен жүргізуге көшкен.
FlightAware деректеріне сүйенген Associated Press мәліметінше, Delta рейстерінің 48 пайызы кешіккен. Ал WSB-TV телеарнасы ақау салдарынан 3,5 мыңға жуық рейстің кестесі бұзылуы мүмкін екенін хабарлады.
Еске салайық, 14 қарашада АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының телекоммуникациялық жүйелерінде ауқымды ақау болып, 15 мыңнан астам рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған еді. Сол кезде елдегі әуежайлардан ұшуға төрт сағаттан астам уақытқа жалпыұлттық шектеу енгізілген.