SCAT әуекомпаниясының Алматыдан Шымкентке бағыт алған ұшағы ауа райының қолайсыздығына тап болды. Осы себепті әуе кемесі Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды, ozgeris.info сайты.
Бұл сапар басынан кедергіге ұшыраған еді. Жоспар бойынша түнгі 22:50-де ұшуы тиіс борт бір сағаттан астам уақытқа кешікті. Ұшақ тек түн ортасына таман көкке көтерілді. Діттеген жерге жетуге он бес минут қалғанда нағыз сұмдық басталған. Иллюминатор сыртында найзағай жарқылдап кеме қатты турбуленттік аймаққа кіреді. Борт жан-жаққа шайқалып биіктігін күрт жоғалта бастаған.
Жерге жақындаған сәтте халықтың зәре-құты қашады. Салондағы адамдар ширек сағат бойы көз жастарына ерік беріп дұға оқыған. Бортсеріктер жолаушыларды сабырға шақырып үрейленбеуді өтінген екен. Ең қызығы экипаж мүшелері бағыттың өзгергенін алдын ала ескертпеген. Адамдар Тараз шаһарына қонғандарын тек түнгі сағат екілер шамасында жерге табан тіреген кезде бірақ біледі.
Көп ұзамай SCAT компаниясының баспасөз қызметі бұл жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Шымкентте ауа райы күрт бұзылып екпіні секундына 24 метрге жететін дауыл тұрған. Нөсер жауын мен жел бағытының өзгеру қаупіне байланысты ұшқыштар Таразға бұрылуға шешім қабылдайды. Жолаушылар бұл қалада бір жарым сағат күтуге мәжбүр болды. Осыдан кейін компания Шымкентке қайта ұшуды ұйымдастырды. Бірақ қатты шошынған кейбір адамдар сапарды әрі қарай жалғастырудан үзілді-кесілді бас тартқан. Қалған жолаушылар діттеген жеріне аман-есен жетті.