2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында топтық кезеңнің алғашқы қорытындылары шығарылып, плей-оффтың 1/32 финалындағы алғашқы жұп белгілі болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
А және В топтарындағы кездесулер аяқталғаннан кейін келесі кезеңде өзара кездесетін құрамалар анықталды. 1/32 финалда А тобында екінші орын алған Оңтүстік Африка құрамасы В тобының күміс жүлдегері Канадамен күш сынасады.
Кездесу 28-29 маусым күндері өтеді. Осылайша бұл матч әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы 1/32 финалдық ойын ретінде тіркелмек.
Плей-офф жолдамасы үшін өткен шешуші матчтарда Оңтүстік Африка Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен жеңсе, Канада Швейцариядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде швейцариялықтар өз тобында бірінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, Оңтүстік Африка құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алып отыр.
Қазіргі уақытта Канада мен Оңтүстік Африкадан бөлек, Мексика, Швейцария, Босния және Герцеговина, Бразилия, Марокко, АҚШ, Германия, Франция, Норвегия, Аргентина және Колумбия құрамалары да 1/32 финалға шығуды қамтамасыз етті.
Ал 25 маусымнан 26 маусымға қараған түні өтетін ойындардан кейін плей-оффтың тағы бірнеше қатысушысы анықталады.