Танымал блогер Ырысбала Икрамбай Стамбул әуежайында ерекше күтімді қажет ететін жасөспірімнің әрекетіне куә болып, қоғамдағы аутизм мәселесі туралы ой қозғады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Блогердің айтуынша, әуежайда 15-16 жастағы ірі денелі жасөспірім ата-анасына бағынбай, айналасындағыларды алаңдатқан.
«Стамбұл аэропортынан кәдімгідей стреске түсіп келдім. 15-16 жасар ірі денелі бала, диагнозы бар екені бір қарағанда байқалмайды. Бірден көтеріліп әке-анасына бой бермей, тыңдамай басына көтерді», – деп жазды ол.
Оның сөзінше, жасөспірімнің анасы артынан жүгіріп жүрсе, әкесі айналадағы адамдардан кешірім сұрауға мәжбүр болған.
«Анасы артынан қуалап жүр, әкесі көзіне жас алып айналадан кешірім сұрап жүр», – деді Ырысбала Икрамбай.
Блогер бұл жағдайдан кейін аутизм мен дамуында ерекшелігі бар балалар санының артуы туралы да пікір білдірді.
«Аутизм, дамуында бұзылыс, кешігу бар балалар он жыл бұрын 250 баладан біреу болған екен, қазір әрбір 35 балада дейді түркиялық доцент. Қайда өсіп барады, не істеуге болады?» – деп алаңдаушылығын жеткізді.
Сондай-ақ ол мұндай балаларды ерте жастан қоғамға бейімдеудің маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазір қолға алып қоғамға үйретіп, қатарына қоспасақ, біз ата-ана қасында мәңгі жүрмейміз. Балаңызда қандай да өзгеріс байқасаңыз қарап қалмаңыз, қол қусырып отырмаңыз», – деп жазды блогер.
Жазба соңында Ырысбала Икрамбай әуежайда көрген көріністен қатты әсерленгенін айтып, бұл жағдайдың ұзақ уақыт бойы ойынан шықпайтынын жеткізді.