Білім және ғылым

Грантқа түсе алмағандарға керек кеңес

Грантқа түсе алмағандарға керек кеңес

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері белгілі болды. Биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекет есебінен жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – мыңдаған отбасы үшін қуанышты жаңалық. Бірақ грантқа іліне алмаған жастардың да қарасы аз емес. Себебі конкурсқа шамамен 127 мың өтініш түсті. Демек, әрбір екі талапкердің бірі ғана тегін білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Грант иегерлері қуанып жатқанда, әлеуметтік желілерде «бір-екі балл жетпей қалдым», «таңдаған мамандығыма түсе алмадым», «енді не істеймін?» деген жазбалар көбейді. Мамандардың айтуынша, дәл осы сәтте эмоцияға берілмей, дұрыс шешім қабылдау маңызды, деп жазады Ozgeris.info.

Биылғы гранттар нені көрсетті?

Мемлекет гранттарды бөлуде еңбек нарығының сұранысына көбірек назар аударды. Биыл гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға берілді. Бұл – ел экономикасына болашақта инженерлер, IT мамандары, энергетиктер, құрылысшылар мен технологтардың көбірек қажет болатынын аңғартады. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы, әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар, халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен әскери қызмет өткерген жастарға арналған арнайы гранттар сақталды. Бұл мемлекет білімге инвестиция құйып жатқанын көрсетеді. 

Грантқа түскендер не істеуі керек?

Көп жастар грант ұтып алған соң бәрі аяқталды деп ойлайды. Шын мәнінде, бәрі енді басталады. Университетке түскен студент алғашқы күннен бастап ағылшын тілін қатар дамытуы, цифрлық дағдыларды меңгеруі, тәжірибеден ерте өтуі, ғылыми жобаларға қатысуы, халықаралық алмасу бағдарламаларын іздеуі қажет. Қазіргі еңбек нарығында дипломнан бұрын тәжірибе бағаланады. Сондықтан төрт жылды тек дәріске қатысып өткізу – үлкен қателік. 

Ал грантқа түспегендер ше?

Ең алдымен бір нәрсені түсіну керек. Грантқа түспеу – өмірдің соңы емес. Көптеген табысты адамдар алғашқы жылы грантқа түсе алмаған. Бір жылдан кейін қайта ҰБТ тапсырып, кейін үздік университетке түскендер аз емес. Кейбірі ақылы бөлімде жақсы оқып, кейін GPA көрсеткіші арқылы ішкі грантқа ауысқан. Тағы бір бөлігі колледжге түсіп, кейін қысқартылған бағдарлама бойынша жоғары білім алған. Яғни, мүмкіндік әлі де көп.

Кәсіпкер Бекхан Арыстановтың айтуынша, грантқа түспеу немесе жоғары оқу орнына түсе алмау адамның болашағын анықтамайды.

«Біздің буынға “ҰБТ-дан жоғары балл жинамасаңдар, университетке түсе алмасаңдар, өмірлерің қиын болады, адам бола алмайсыңдар” деген түсінік көп айтылды. Бірақ өмір оның олай емес екенін дәлелдеді. Бұл оқудың қажеті жоқ деген сөз емес. Білім әрқашан маңызды. Алайда сенің жинаған балың немесе дипломың болашағыңды айқындамайды. Оны тек өзіңнің еңбегің, ізденісің және таңдауың анықтайды. Мысалы, мен кезінде мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Кейін ауданымыздағы шағын колледжде грант негізінде оқыдым. Одан кейін жұмысқа орналасып, өз күнімді өзім көріп, біртіндеп аяққа тұрдым. Қазір білім алуды тоқтатқан жоқпын, кітапты көп оқимын, өзімді үнемі дамытып келемін. Бүгінде білімім де, белгілі бір деңгейде материалдық жағдайым да бар. Сондықтан кезінде жоғары оқу орнына түсе алмағаныма еш өкінбеймін. Ең бастысы – өзіңнің кім болғың келетінін түсіну және өзіңе ұнайтын іспен айналысу. Сондықтан грантқа түсе алмаған жастарға эмоцияға берілмей, өздерін өзгелерден кем санамауға кеңес беремін. Ал грант иегерлерін шын жүректен құттықтаймын. Ал оқуға түсе алмағандарға айтарым – мойымаңыздар. Өмір бір конкурс нәтижесімен тоқтап қалмайды. Алда әлі талай мүмкіндік бар», – дейді Бекхан Арыстанов.

Қандай жолдарды қарастыруға болады?

Гранттан қағылған талапкерлер бірнеше бағытты ойластырғаны дұрыс. Біріншісі – ақылы бөлімге түсіп, кейін ішкі грантқа ауысуға тырысу. Көптеген университеттер оқу үлгерімі жоғары студенттерге босап қалған гранттарды береді. Екіншісі – келесі жылы ҰБТ-ны қайта тапсыру. Бір жыл дайындалып, жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар. Үшіншісі – колледж арқылы білім алу. Кей жағдайда бұл жол уақыт жағынан да, тәжірибе жағынан да тиімді болуы мүмкін. Төртіншісі – халықаралық гранттар мен шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарын қарастыру.

25-тамызға дейін үлгеріңіз

Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. 

Ведомствоның мәліметінше, жыл сайын әкімдіктер өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша кадрларды мақсатты даярлауға білім беру гранттарын бөледі.

Биыл жергілікті атқарушы органдар (бакалавриат, магистратура, резидентура бағдарламалары бойынша) оқуға 2392 білім беру грантын бөлген.

"Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285 грант, Шығыс Қазақстан облысы – 270 гранттан бөлді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 211 грант, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200 гранттан, Ақмола облысы – 199 грант, Қарағанды облысы – 198 грант, Атырау облысы – 187 грант, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды", - делінген хабарламада.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) қоса тапсырылады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Білім гранттары аз ба?

Бұл сұрақ жыл сайын көтеріледі. Бір жағынан, 75 мың грант – Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Екінші жағынан, талапкерлер саны да жыл сайын өсіп келеді. Биыл конкурсқа 127 мыңнан астам өтініш түсті.Сондықтан барлық талапкерді мемлекеттік грантпен қамту мүмкін емес. Экономистердің айтуынша, грант саны ғана емес, оның еңбек нарығымен сәйкестігі маңызды. Егер мемлекет сұраныс жоқ мамандықтарға мыңдаған грант бөлсе, бұл жұмыссыз жастардың көбеюіне әкелуі мүмкін.

Мамандықты грант үшін емес, болашақ үшін таңдаңыз

Көп талапкер ең үлкен қателікті осы жерде жібереді. Кейбір жастар өзіне ұнамайтын мамандықты тек грант үшін таңдайды. Нәтижесінде төрт жылдан кейін сол салада жұмыс істемейді. Ал еңбек нарығында мотивациясы жоқ маманнан гөрі өз ісін сүйетін кәсіби маман әлдеқайда бағалы. Сондықтан мамандық таңдағанда үш сұраққа жауап берген жөн:

* Бұл мамандық маған ұнай ма?

* Бес жылдан кейін бұл сала сұраныста бола ма?

* Осы кәсіппен ұзақ жыл жұмыс істей аламын ба?

Ата-аналарға қандай кеңес?

Кейде грантқа түспеген талапкерден де қатты уайымдайтын – ата-аналар. Психологтар мұндай жағдайда баланы кінәлаудан аулақ болуға кеңес береді. Өйткені дәл осы кезеңде жастардың эмоционалдық жағдайы өте нәзік болады. Бір жыл жоғалту – өмір жоғалту емес. Керісінше, кей жастар дәл осы уақытта өз бағытын тауып жатады. Болашақ дипломмен ғана өлшенбейді Қазіргі әлем өзгеріп жатыр. Көптеген компаниялар дипломнан бұрын нақты тәжірибеге, ағылшын тіліне, цифрлық сауаттылыққа, жобалар портфолиосына, кәсіби дағдыларға қарайды. Сондықтан университетке түсу маңызды болғанымен, ол табыстың жалғыз кепілі емес.

Өзіңді жоғалтпа!

Білім гранты – үлкен мүмкіндік. Бірақ ол өмірдегі жалғыз мүмкіндік емес. Грант иегерлері бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзін үздік маман ретінде қалыптастыруға күш салуы керек. Ал грантқа түсе алмаған талапкерлер үмітін үзбей, басқа жолдарды қарастырғаны жөн. Кейде өмірдегі ең үлкен жетістік алғашқы сәтсіздіктен кейін келеді. Ең бастысы – өзіңізді бір ғана конкурс нәтижесімен бағаламаңыз. Себебі болашақты бір ғана ҰБТ немесе бір ғана грант емес, үздіксіз еңбек, білімге құштарлық және дұрыс таңдалған бағыт айқындайды.

Барлық жаңалық