Экономика

7 млрд долларлық экспорт: Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге шықты

7 млрд долларлық экспорт: Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге шықты

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өндіріс пен инвестиция көлемін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық көрсеткіштерін жақсартып келеді. Аграрлық салада бірқатар қиындықтар болғанымен, егіс алқаптарын әртараптандыру, терең өңдеуді дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары саланың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Қазақстан бүгінде әлемдегі астық экспорттаушы жетекші он елдің қатарына кіреді. Сонымен қатар еліміз агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып келеді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысында Қазақстанның АӨК өнімдері экспорты 7 млрд долларға жеткен.

«Біз астықтың негізгі экспорттаушыларының біріміз және әлемдегі алғашқы ондыққа кіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 7 млрд долларды құрады. Оның 51%-ы өңделген, яғни дайын АӨК өнімдері. Алдағы уақытта да агроөнеркәсіп өнімдерінің сыртқы нарықтарға экспортын ұлғайтып, өңдеу саласын дамытатын боламыз», – деді Назгүл Хатепова Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында.

Өткен жылы елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға өсті. Биыл да саладағы жоғары қарқын сақталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 14,7%-ды құрады.

Негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары. Құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма бойынша бұл көрсеткішті 80%-дан асыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – отандық өндірісті арттырып, импортты алмастыру.

АӨК-ке салынған инвестиция рекордтық деңгейге жетті

Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі де рекорд жаңартты. 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 46%-ға артқан.

Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында АӨК-ке 926 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 55%-ға көп.

Субсидия, несие және жеңілдік: аграрийлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі – форвардтық сатып алу механизмі.

Бұл жүйе бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы болашақ өнім үшін алдын ала қаржы береді. Нәтижесінде шаруалар егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатты ертерек алып, кейін өнімін өткізуге мүмкіндік алады.

2026 жылғы өнімді форвардтық сатып алу бағдарламасы шеңберінде 173 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге шамамен 32 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Келісімшарт жасалған өнімнің жалпы көлемі 480 мың тоннаға жуық.

Саладағы оң динамика субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және салықтық жеңілдіктер сияқты кешенді мемлекеттік қолдау шараларымен де байланысты.

Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне берілетін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгені құрады.

Оның 272 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған қаражат коммерциялық көздер арқылы тартылған. Бұдан бөлек, саланы субсидиялауға 588,3 млрд теңге бағытталды.

Қолдау шаралары шикізат өндіруден бастап оны сақтау, өңдеу, дайын өнімді сату және экспорттауға дейінгі барлық өндірістік тізбекті қамтиды.

Аграрлық несие корпорациясы және өзге де қаржы институттары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру тәртібі де оңтайландырылған. Қарыз алушылар енді несиені бірден соңғы жеңілдетілген мөлшерлемемен алады.

Бұл әкімшілік рәсімдерді азайтып, қаржы тапшылығының алдын алуға және қаражатты өндірушілер мен өңдеушілерге уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.

«Новомихайловское-2003» ЖШС директоры Вячеслав Щёголевтің айтуынша, мемлекеттік субсидия шаруашылық үшін маңызды қолдаудың бірі.

«Мемлекеттік субсидия біз үшін өте маңызды әрі үлкен қолдау. Мәселен, біздің шаруашылық өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды белсенді пайдаланады. Біз белгілі бір тыңайтқыштарға өте сезімтал еуропалық сұрыптарды өсіреміз. Өткен жылдың күзінде мемлекеттік несиені уақытылы алып, тыңайтқыш сатып үлгердік. Ал көктемде дәл сол тыңайтқыштардың бағасы 40%-ға өсті. Егер мемлекеттік бағдарламалар болмағанда, мұның өнімнің өзіндік құнына қалай әсер ететінін елестетіп көріңіз», – дейді фермер.

Шаруашылық бұл сұрыптармен жеті жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде өңірге тән емес жаңа аурулар да пайда болған. Сондықтан өсімдіктерді қорғаудың ерекше тәсілдері қажет.

Фермерлер үшін тағы бір маңызды бағыт – дизель отыны. Вячеслав Щёголевтің айтуынша, субсидияның арқасында шаруалар жанар-жағармайды қолжетімді бағамен сатып алып отыр.

Қазақстан агроэкспортының көлемін ұлғайтты

Өндіріс пен өңдеу көлемінің артуы Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын тұрақты түрде көбейтуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдерінің экспорты 37%-ға өсті.

2024/2025 маркетингтік жылы астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті.

Ал 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың 30 шілдесіне дейін 13,9 млн тонна өнім экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға көп.

Қазақстан егіншілер одағының төрағасы Виктор Асланов экспорттың жоғары деңгейіне рекордтық өнім әсер еткенін айтады.

«Экспорт көлемі жоғары. Бұған аяқталып келе жатқан маркетингтік маусымдағы рекордтық өнім әсер етті. Сондықтан біз үшін әдеттен тыс жоғары көрсеткіштерді көріп отырмыз. Тек бидай мен халық арасында «дробленка» деп аталатын жемдік ұнның өзі 13,9 млн тонна көлемінде жөнелтілді. Бұл нарық соншалықты кеңейіп, тұрақтанды, нәтижесінде ол еліміздің екінші ірі экспорттық тауар позициясына айналды. Бірінші орында бидай болса, екінші орында – «дробленка», одан кейін өзге дақылдар мен өңделген өнімдер келеді», – деді Виктор Асланов.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау қазақстандық фермерлерге өнімдерін шетел нарығына белсендірек шығаруға мүмкіндік берген. Негізгі ірі нарықтардың бірі – Қытай.

«Менің ойымша, келесі жылы да Қытай тарапынан сұраныс сақталады. Әрине, Орталық Азиядағы серіктестеріміздің тарапынан да тұрақты сұраныс болады. Экспорттық әлеуетімізді толық іске асырамыз», – деді ол.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Марокко, Алжир, БАӘ, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарығына шықты.

Қазақстандық өнімдер Әзербайжан, Грузия және Түркияға да жеткізіліп жатыр.

Фермерлер майлы дақылдарға көбірек бет бұра бастады

Шаруалар егіс құрылымын әртараптандыруды күшейтіп, қосылған құны жоғары дақылдарға басымдық беріп отыр.

Өткен аграрлық маусыммен салыстырғанда майлы дақылдарды форвардтық сатып алу бағдарламасы аясындағы қаржыландыру көлемі 2,6 есе – 36 мың тоннадан 95 мың тоннаға дейін ұлғайған.

2026 жылғы егіс науқаны кезінде күнбағыс алқаптары да айтарлықтай көбейді. Келісімшарт жасалған өнім көлемі шамамен екі есе өсіп, 37,8 мың тоннаға жетті.

«Бізде бидай алқаптары қысқарып жатыр. Бұл жұмыс егіс алқаптарын әртараптандыру аясында жүргізілуде. Сонымен бірге фермерлер биыл майлы дақылдарға үлкен үміт артып отыр», – деді Виктор Асланов.

Мемлекеттік қолдау шараларын оңтүстік өңірлерге кеңейту мақсатында форвардтық қаржыландыру бағдарламасына жүгері сатып алу да енгізілді.

Бұл фермерлерге нарықтағы сұраныстың өзгеруіне жылдам бейімделіп, сұранысы жоғары әрі рентабельді дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді.

Нәтижесінде елімізде май-тоңмай өнеркәсібі де тұрақты дамып келеді.

Өткен жылы күнбағыс майының экспорты 41%-ға өсті. Ал тазартылған күнбағыс майының экспорты 2,1 есе артқан.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр экспорты жөнінен әлемде екінші орынға шықты. Жасымық экспорты бойынша төртінші, ал күнбағыс майы экспорты бойынша алтыншы орынға ие болды.

 

Барлық жаңалық