Павлодарда 23 жастағы қыз кәріз құбырларын тазалайтын құралдан шыққан улы буларды жұтып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі хабарлады.Қыз химиялық заттан жеңіл дәрежеде жедел уланған. Оған медициналық көмек көрсетіліп, Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілген.
Тағы бір жағдай Успенка ауылында болған. 42 жастағы әйел үйінің еденін бояған. Келесі күні оның басы айналып, жүрегі айнып, әлсіздік пайда болған. Жедел жәрдем қызметкерлері әйелді аудандық ауруханаға жеткізді.
Мамандар тұрмыстық химия, еріткіштер мен бояуларды қолданған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мұндай жұмыстарды жақсы желдетілетін жерде және респиратор немесе маска сияқты жеке қорғаныс құралдарын пайдаланып жүргізу қажет.
Бас айналу, жүрек айну немесе тамақтың ашуы сияқты белгілер байқалса, дереу таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақыру керек.
Өткен демалыс күндері Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі 1,5 мыңға жуық шақыртуға барған.