Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнін алты медальмен қорытындылады. Спортшылар төрт алтын және екі қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қазақстан қоржынына алтын медальдарды велошабандоз Рината Сұлтанова, Алексей Луценко, каратэшілер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева салды. Қола жүлдеге триатлоншы Арлан Жаңабай және қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы ие болды.
Қазақстанға алғашқы алтынды велошабандоз Рината Сұлтанова әкелді. Ол әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыста 36:23.72 нәтиже көрсетіп, үздік атанды. Қытайлық Чжан Хао күміс, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын қола жүлдені иеленді.
Екінші алтынды Алексей Луценко жеңіп алды. Қазақстандық спортшы тасжолдағы жекелей уақытқа жарысты 41:24.05 нәтижесімен аяқтап, Азия ойындарының чемпионы атанды. Күміс медаль жапониялық Сюнсукэ Имамураға, қола моңғолиялық Жамбальямц Сайнбаярға бұйырды.
Бұл — Луценконың Азия ойындарындағы бесінші алтыны. Ол жекелей уақытқа жарыста төртінші рет қатарынан чемпион атанып отыр. Спортшы бұған дейін 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Азиадада да осы дисциплинада жеңіске жеткен.
Қазақстанның үшінші алтынын Жоламан Бигабыл иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен каратэші финалда Өзбекстан спортшысы Хумоюнмирза Халимовты 9:1 есебімен жеңді.
Ал Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан құрамасына төртінші алтынды әкелді. Бұл — спортшының Азия ойындарындағы екінші чемпиондығы. Берульцева Ханчжоуда өткен алдыңғы Азиадада да өз салмағында алтын медаль алған.
Қола жүлдеге алғаш болып триатлоншы Арлан Жаңабай қол жеткізді. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен үшінші орын алды. Жарыста жапониялық Ходзё Такуми жеңіске жетсе, Қытай өкілі Чжан Сижуй күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстанның тағы бір қола медалі қазіргі бессайыстан ерлер құрамасының еншісінде. Команда сапында Тихон Варехин, Темірлан Абдраимов және Лев Чувашов өнер көрсетті. Жеке есепте қазақстандықтардың арасынан ең жоғары нәтижені Темірлан Абдраимов көрсетіп, жетінші орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азиаданың алғашқы жарыс күнін төрт алтын және екі қола медальмен аяқтады.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар басқа спорт түрлерінен де сынға түсті. Әйелдер арасындағы су добы құрамасы алғашқы кездесуінде Сингапур командасын 12:7 есебімен жеңді.
Айти-Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында ұйымдастырылады.