Жаңалықтар

Турлов Самарқандта шахматшыларымызбен кездесіп жігер берді

Турлов Самарқандта шахматшыларымызбен кездесіп жігер берді

Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы алты турдан кейін екінші орынға табан тіреді. Жарыстың шешуші кезеңі алдында ұлттық командамен елші Ералы Тұғжанов пен федерация басшысы Тимур Турлов арнайы кездесті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Қазақстандық шахматшы қыздар қатарынан алты рет жеңіске жетіп, 12 командалық ұпай жинады. Олар осы уақытқа дейін ешқандай ұпай жоғалтқан жоқ. Қазір команда көш бастап тұрған Қытай құрамасымен бірдей нәтиже көрсетіп келеді. Қытайлықтар Қазақстанды тек қосымша көрсеткіштер арқылы ғана озып тұр. Алтыншы турда қазақстандықтар Әзербайжанды 2,5:1,5 есебімен ұтты.

23 қыркүйекте өтетін жетінші турда қазақстандықтарды ауыр ойындар күтіп тұр. Әйелдер командасы турнир көшбасшысы Қытаймен кездеседі. Ерлер құрамасына Сербия қарсы тұрады. Екі матч та жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де басталады.

Ерлер құрамасы да алты турдан кейін жарысты сәтті жалғастыруда. Олар алдыңғы ойында Колумбия командасын 3,5:0,5 есебімен сенімді түрде тізе бүктірді.

«Ерлер құрамамыз қазір жартысынан астамы жаңарды: командада жас жігіттер көп. Сонымен қатар атмосфера өте достық. Жұмысқа келгенде жігіттер барынша берілуге тырысады. Шығындарсыз болған жоқ, сәтсіздіктер болды, бірақ соған қарамастан біз жақсы позициядамыз. Алдағы барлық дерлік матчтар бізді рейтинг бойынша озып тұрған командаларға қарсы болады. Бірақ жігіттерді бұл мазаламайды. Олар өздеріне соншалықты сенімді, мұндай қарсыластармен кемінде тең тұрады», – деді ерлер құрамасының капитаны және жаттықтырушысы Әнуар Исмағамбетов.

Турнирдің жалғыз демалыс күнінде, 22 қыркүйекте спортшылармен кездесу өтті. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тұғжанов шахматшыларға қолдау білдірді. Ол жарыстың ауқымы кең екенін айтып, қазақстандықтарға аударылған назарды байқағанын жеткізді.

«Бұл тарихи оқиға. Орталық Азияда мұндай ауқымдағы, 200-ге жуық мемлекет өкілдері қатысатын шахмат Олимпиадасы алғаш рет өтіп жатыр. Мұнда қонақтар мен қатысушылар өте көп. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді – бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бүгінде Қазақстан құрамасына қандай назар аударылып жатқанын көріп отырмын. Бұл қазақстандық шахматтың бүгінде әлемде лайықты орын алып отырғанын білдіреді. Сондықтан біз өз жігіттерімізге сенеміз, біздің команда лайықты орын алады деп сенімдімін», – деді Ералы Тұғжанов.

ҚШФ президенті Тимур Турлов спортшыларға жеңіс тілеп, биыл ұлттық құраманың тамаша нәтиже көрсетуге толық мүмкіндігі бар екенін еске салды.

«Біз бірге осы бағытта жылжып, жыл сайын мақсаттарымызға жақындай түскенімізге өте қуаныштымын. Әрине, биыл бізде керемет нәтиже көрсетуге барлық мүмкіндік бар. Кешегі күн біздің команда үшін өте жақсы болды және бізге маңызды жеңістер әкелді. Сіздер өте күшті қарсыластарға қарсы керемет ойын көрсеттіңіздер. Алдарыңызда тағы көптеген керемет партиялар болсын. Біз әрқашан сіздермен бірге екенімізді ұмытпаңыздар. Өз күштеріңізге және жеңіске сеніңіздер», – деді Тимур Турлов.

Федерация басшысы ұлттық құраманың жетістіктері жаңадан өсіп келе жатқан балаларға үлкен шабыт беретінін атап өтті.

«Біз сіздерді өте жақсы көреміз және кез келген жағдайда сіздермен бірге боламыз. Сіздер шынымен үлкен жетістіктерге лайықсыз деп сенеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шахмат клубтарына енді ғана келіп жатқан жас шахматшыларға үлкен шабыт болады. Шахматтың арқасында олар әлемді көре алады, жаңа мүмкіндіктер алады және үлкен биіктерге жетеді. Сіздер қазірдің өзінде, әрине, әлемдік шахмат элитасысыздар», – деді Тимур Турлов.

Құрамалардың бас жаттықтырушысы Павел Коцур жарыстың шешуші кезеңі жақындаған сайын спортшыларға түсетін жүктеме еселене түсетінін түсіндірді.

«Біз қазір ең жоғары орынға өте жақынбыз, сондықтан біздің қыздардың нәзік иықтарында екі есе жауапкершілік жатыр. Командада екі жаңа, жас спортшы бар. Алда өте байсалды қарсыластар күтіп тұр, сондықтан қыздарға барынша концентрацияны сақтау керек. Сонымен қатар командадағы атмосфера жай ғана керемет», – деді Павел Коцур.

Олимпиадамен қатар Самарқандта әлемдік шахмат қауымдастығы үшін тағы бір маңызды оқиға өтеді. 26 қыркүйекте FIDE Бас ассамблеясы барысында Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президенті сайланады.

Бұл лауазымға Қазақстан шахмат федерациясының басшысы Тимур Турлов үміткер ретінде тіркелді. Онымен бірге FIDE президентінің орынбасары қызметіне бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд түсіп жатыр. Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар оған алдағы дауыс беруде жеңіс тіледі.

Сайлауға барлығы үш президенттік тандем қатысады. Олар: Тимур Турлов пен Вишванатан Ананд, Ян Хенрик Бюттнер мен Малкольм Пейн, сондай-ақ Вадим Розенштейн мен Гордон Танг. Ассамблеяда әр ұлттық федерация бір дауыс құқығына ие.

Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турда өтіп жатыр. 46-шы шахмат Олимпиадасы 27 қыркүйекте толық аяқталады.

Барлық жаңалық