Танымал блогер Фариза Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында Меккеге жасаған сапары туралы әсерлі жазба жариялады. Ол бұл жолы қасиетті мекенге жақындарымен бірге барғанын айтып, сапардың өзіне ерекше әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Фариза Төреәлінің сөзінше, адам қанша жоспар құрғанымен, өмірде бәрі Жаратушының қалауымен жүзеге асады.
«Біз қалаймыз, бірақ Алланың өз қалауы бар. Біз жоспарлаймыз, бірақ Жаратушының өз жоспары бар... Біз де, дәл солай Алланың жоспарымен - Оның мекеніне келіп қалдық. Бұл жолы - екеуміз ғана емес, үшеуміз. Жүрек қана танып, тіл жеткізе алмайтын сәттер болады екен. Меккедегі сәттер мен үшін сондай. Бұл шаһарға әркім әр тағдырмен келеді. Бірінің көңілі көлдей, бірінің жүрегі жаралы. Бірі шүкірін арқалап жетеді, бірі шерін. Бірі көптен күткен тілегін айтуға келеді, енді бірі ешкімге айта алмаған мұңын Алласына ғана аманат етуге келеді. Ал бірі аяқ-асты, өзі ойламаған тұста тап болады. Аллаға апарар - әр адамның өз жолы бар!», – деп жазды ол.
Блогер Меккеге әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдардың тағдыры әртүрлі болғанымен, олардың барлығын ортақ сенім біріктіретінін атап өтті.
Оның айтуынша, адам өмірде қанша биікке жетсе де, жүректегі кейбір бос орынды материалдық дүние толтыра алмайды.
«Біз бәріміз Аллаға ғана мұқтажбыз. Адам бұл дүниеде қанша жерден биіктесе де, түбінде маңдайын жерге тигізіп тыныштық табады. Қанша дүниені иеленсе де, жүрегінің бір қуысын ешбір дүние толтыра алмайды. Қанша адамға мұңын шақса да, ішінде Раббысына ғана айтылатын бір сыр қалады. Бұл сапардан кейінгі өзгерістер қандай болары Аллаға ғана аян. Өйткені кейбір өзгеріс сол сәтте білінбейді. Топыраққа түскен дән секілді, жүректің тереңіне үнсіз көміледі. Уақыты келгенде ғана көктейді. Бір білетінім, осы жерге келген Фариза мен бұл жерден қайтатын Фаризаның арасында көзге көрінбейтін бір жол жатыр. Ол жолдың қайда апарарын білмеймін. Бірақ жүрегім оның Раббыма қарай басталғанын қалайды. Мекке, сені қайта көру, ең жақындарыммен келу нәсіп болғанына шүкір. Оқырмандарыма да тіледім!», – деп жазды Фариза Төреәлі.
Желі қолданушылары блогердің жазбасына жылы пікір білдіріп, қасиетті сапарының қабыл болуын тілеген.