Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базары электронды аукционда 24,77 миллиард теңгеге сатылды. Нысанды саудаға қатысқан жалғыз адам бастапқы бағамен сатып алған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Аукцион 7 тамызда Sauda порталында өткен. Саудаға бір ғана қатысушы тіркеліп, «Байсат» базарын 24 772 753 285 теңгеге иеленген. Әзірге сатып алушының аты-жөні жарияланған жоқ.
Бұл нысанды сату әрекеті бірнеше айға созылған. Осы уақыт аралығында базар алты рет электронды аукционға шығарылған. Оның бағасы 24,7 миллиард теңгеден 28,6 миллиард теңгеге дейін болғанымен, бұған дейінгі сауда-саттықтарға ешкім қатыспаған.
«Байсат» – Алматыдағы Барахолка аумағында орналасқан ірі сауда орындарының бірі. Мұнда негізінен үйге қажетті тауарлар, ыдыс-аяқ, шаруашылық заттары мен ойыншықтар сатылады. Базар Жетісу ауданындағы Солтүстік айналма тас жолы, 7 мекенжайында орналасқан.
Еске салайық, «Байсат» базары бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. Активтің бір бөлігі кәсіпкер тарапынан мемлекетке өз еркімен қайтарылса, қалған үлесі 2024 жылдың қаңтарында сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен.