Жаңалықтар

Тегін сыйлық үшін кезек: Астанадағы Sen Sulu акциясы шумен аяқталды

  Тегін сыйлық үшін кезек: Астанадағы Sen Sulu акциясы шумен аяқталды

Астанада Sen Sulu компаниясы ұйымдастырған жарнамалық акция тұрғындардың жаппай келуіне байланысты үлкен кезекке ұласып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Куәгерлердің айтуынша, Coffee Boom кофеханаларының біріне таңертеңнен бастап жүздеген адам жиналған. Тегін косметика мен арнайы сусын алу үшін келгендер ұзақ уақыт кезекте тұрған. Кейбір тұрғындар бір сағаттан астам күткенімен, сыйлықсыз қалғандарын жазды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда келушілердің сыйлық таратылған орынға жаппай ұмтылғаны көрінеді.

Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары акция аясында ұсынылған коктейльдер мен сыйлықтардың тез таусылып қалғанын жазды. Ал төлем жасап үлгерген, бірақ сыйлығын ала алмаған келушілерге ұйымдастырушылар келесі күні чек арқылы сыйлықтарын алып кетуге болатынын хабарлаған.

Көпшіліктің жаппай келуіне байланысты ұйымдастырушылар акцияның мерзімін ұзартатынын мәлімдеді.

Барлық жаңалық