Қоғам

Қазақстандықтар саяси партиялардан не күтеді: сауалнама ТОП-3 талапты анықтады

Қазақстандықтар саяси партиялардан не күтеді: сауалнама ТОП-3 талапты анықтады

Еуразиялық интеграция институты БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифинг барысында қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқын зерттеу аясындағы әлеуметтанулық сауалнама нәтижелерін жариялады. Зерттеу 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында өтіп, оған елдің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 4000 респондент қатысқан, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сауалнама нәтижесі бойынша, қоғамда сайлау науқандары мен саяси партиялардың рөлі туралы нақты түсінік қалыптасып отыр, ал жүргізіліп жатқан саяси реформаларға деген көзқарас басым түрде жағымды.

Зерттеудің басты тұстарының бірі — «Партия тиімді қызмет етуі үшін не істеуі керек?» деген сұраққа берілген жауаптар. Респонденттердің ТОП-3 талабы мынадай болды:

  • 44% — партия елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне атсалысуы керек;
  • 33,2% — әлеуметтік бақуаттылық пен теңдікті қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет;
  • 32,4% — елдің алдағы дамуы жайлы нақты түсіндіре алуы тиіс.

Сондай-ақ респонденттер партия көшбасшыларының мықты әрі тартымды тұлға болуын (29,9%), заңдармен сауатты жұмыс істей білуін және халыққа пайдалы заң жобаларын ғана насихаттауын (29,8%), демократияға адал болуын (20,1%) және сайлаушылармен, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты байланыста болуын (20%) атап өтті.

Зерттеу сонымен қатар Құрылтай сайлауы қарсаңында қоғамдық көңіл-күйдің оң екенін көрсетті: респонденттердің 68%-ы сайлаудан кейін өмірінде жақсы өзгерістер болатынына үміттенеді, ал 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға дауыс беруге қатысатынын мәлімдеген бұл көрсеткіш соңғы науқандар сайын өсіп келеді (2023 жылы  53,4%, 2024 жылы 63,4%, 2026 жылғы референдумда 75,3%).

 

Барлық жаңалық