Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жесірі Әділет Зейнел мен оның анасы Эльза Ерманова «Қазақстан халық партиясының» YouTube арнасына берген сұхбатында Ұлдананың жылдық асы ата-анасының қатысуынсыз өтетінін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Олардың айтуынша, марқұмды еске алу асы тек жақын туыстардың қатысуымен ұйымдастырылады.
Эльза Ерманова Ұлдананы ешқашан ұмытпағандарын айтып, оның қазасы екі отбасыға да ауыр тигенін жеткізді.
«Біз Ұлдананы жақсы көреміз, оны ешқашан ұмытқан емеспіз. Бұл бір ғана отбасының емес, баршаға ауыр тиген қайғы болды», – деді ол.
Сондай-ақ ол Ұлдананың «Ерлігі үшін» медалімен марапатталуына Әділеттің көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Айтуынша, оқиға болғаннан кейін Ұлданаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны құтқару қызметкерлерін күтпестен әрекет етті деп айыптаған. Бұл жағдай Әділетке ауыр соққы болған.
Эльза Ерманованың сөзінше, Әділет жәбірленуші мәртебесінен бас тартпай, істің соңына дейін жетіп, Ұлдананың кінәсіздігін дәлелдеуді мақсат еткен.
«Оқиға кезінде Әділет Ұлдананың заңды жұбайы болды, қазір ол – марқұмның жесірі. Біз Ұлдананың отбасына ренжімейміз. Олар бізді түсінбеуі мүмкін, бірақ оларды кінәламаймыз әрі жарасын тырнағымыз келмейді», – деді ол.
Өз кезегінде Әділет Зейнел әлеуметтік желі қолданушыларынан қалыңдығы Жұлдызға тіл тигізбеуді сұрады. Оның айтуынша, болашақ жары олардың жағдайын басынан-ақ білген және саналы түрде шешім қабылдаған.
«Ұлдананың бір жылдық асын жоспарлап қойдық. Жақын туыстарымыздың басын қосып, Құран бағыштаймыз. Мен өзімді сатқынмын деп есептемеймін. Егер жаңа өмір бастауды біреулер сатқындық деп қабылдаса, бұл – олардың көзқарасы. Басқа адамды сүйіп, өмірді жалғастыру – қалыпты нәрсе. Ешкімге жамандық тілемеймін, бәріне тек жақсылық тілеймін», – деді ол.
Әділет сондай-ақ қалыңдығына қатысты түрлі болжам жасап, ар-намысына тиетін пікірлер жазып жүргендерді нақты дерекке сүйенбей айып тақпауға шақырды.