«Достық – Мойынты» жобасы аяқталуға жақын. Демек, Қытай мен Еуропаны жалғайтын жолдың Қазақстандағы бөлігі биыл толық күшіне енеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мамандардың айтуынша, осылайша еліміздің транзиттік рөлі жаңа деңгейге көтеріледі. Өйткені жүкті жеткізу уақыты 15–20 күнге дейін қысқарады деген болжам бар. Бұдан бөлек, бұл бағыт тариф тұрғысынан да бәсекеге қабілетті болады.«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазірдің өзінде өткізу қабілеті бес есе артқанын мәлімдеді. Яғни пойыздар бұрынғыдай кезекте тұрмайды. Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктің 30 пайызы осы бағыт арқылы тасымалдануда. Грузиялық саясаттанушы Ника Читадзенің айтуынша, Қазақстан өзінің географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, транзиттік әлеуетін дамытуға басымдық беріп отыр.
«Қазақстанның географиялық, геоэкономикалық және геостратегиялық орналасуын ескере отырып, Шығыс пен Батыс, әсіресе Қытай мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін сауда-экономикалық қатынастардың дамуына ықпал ете алатын әлеуеті бар. Оның бәрін дұрыс пайдалану үшін тиімді мемлекеттік басқару қажет. Бұл транзиттік қабілетті шыңдап қана қоймай, елдің өндірістік әлеуетін де паш етуге мүмкіндік береді», – дейді грузиялық саясаттанушы Ника Читадзе.
«Достық – Мойынты» – тәуелсіз Қазақстандағы ең ауқымды жобалардың бірі. Естеріңізде болса, екінші желінің құрылысы 2022 жылдың қарашасында басталған еді. Ал былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны ашып, Жетісу облысы мен Қарағанды өңірін жалғайтын теміржолдың стратегиялық маңызын атап өтті. Жобаның құны 542 млрд теңгеден асты. Оның аясында 33 станса жаңғыртылып, 92 көпір салынды. Қазір ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскесі салынып жатыр. Бұл бағыт биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Сарапшылардың болжамынша, дәл осы «Достық – Мойынты» бағытын дамыту арқылы транзиттен түсетін табыс кемінде екі есе артады. Қазақстанның геосаяси салмағы өсіп, Еуразиядағы транзиттік суперхабқа айналуы мүмкін.
Жалпы, биыл елімізде 1577 шақырым теміржол жөнделуі тиіс. Негізгі жұмыстар басталып кетті. Соның нәтижесінде жүк тасымалының көлемі де артып келеді. Жылдың алғашқы жартысында теміржол арқылы 157,1 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп.