Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының төбелесі түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтемемен.
Бейнежазбада екі қыздың жерде төбелесіп жатқанын, ал тағы бірнеше оқушының оларды басынан теуіп жатқанын көруге болады.Полицияның мәліметінше, оқиға Мұнайлы ауданында болған. Төбелеске 2011, 2012 және 2013 жылы туған жасөспірімдер қатысқан.
Тәртіп сақшылары қыздардың барлығын анықтап, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізген.Полиция олардың ата-аналарын балаларының тәрбиесі мен мінез-құлқына тиісті бақылау жасамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
«Барлық қатысушылар профилактикалық есепке алынды», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Сонымен қатар, оқушы қыздардың әрекеті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады.Полиция қақтығыстың нақты себебін жария етуден бас тартты.