Төрт жылдан бері Жаңа адамдар әйелдердің қауіпсіздігі мәселесін жүйелі түрде көтереді: тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, сталкингпен, алып қашумен, некеге мәжбүрлеумен, такси мен басқа да қоғамдық орындардағы харассментпен күреседі. Басты мақсат — қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қалыптастыру, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа адамдар әлеуметтік желідегі жазбаға назар аударды. Алматы қаласының 20 жастағы тұрғыны көмек сұрап, жария түрде үндеу жасады. Оның айтуынша, әкесі өмір бойы үйде анасын және балаларын ұрып-соғып келген. «Бала кезімнен, ес білгелі бері әкем қол көтеріп келді. Мені, анамды, кейде сіңлілерім мен інімді де ұрады», — деген жазба қалдырған. Осыған дейін отбасы полицияға жүгінген, әкесіне қорғау нұсқамасы берілген, алайда ол нұсқаманы бұзған. Қыздың жазбасы достарының, таныстарының және бейжай қарамаған азаматтардың қолдауының арқасында тез тарады.
Жаңа адамдардың ЖОҚ Азаматтық науқаны қызбен кездесіп, жағдайдың мән-жайын анықтап, заң аясында көмек көрсетуге кірісті. Заңгер Нұрсұлтан Орынбековпен бірге белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша арыз беруге көмектесті. Заңгер жағдайға құқықтық баға берді, кейін арыз полиция қызметкерлерімен тіркелді. Азаматтық науқан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне аталған өтінішті жан-жақты қарауды қамтамасыз етуді сұрап жүгінді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Озық ұлт ретінде біз Заң және тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас сипаты ретінде орнықтыруға міндеттіміз. Заңдылық пен тәртіпті сақтау — азаматтардың өмір сүру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етудің міндетті шарты».
Бүгінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сталкинг үшін 115-1-бап, некеге мәжбүрлеу үшін 125-1-бап енгізілді. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік 108-1 және 109-1-баптарда бекітілген.
Димаш Кенжалин, Жаңа адамдар:
«Болған жағдай әлеуметтік желідегі кезекті жазба болып қалмауы тиіс. Біз Ішкі істер министрлігіне аталған өтінішті жан-жақты қарауды, сондай-ақ заңда көзделген барлық қорғау шараларын қабылдау арқылы қыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап жүгінеміз.
Қыз болған жағдайды көпшілік алдында ашық айтуға күш тауып, қоғамнан кең қолдау алды. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік — біз жабық есіктің ар жағында болып жатқан жағдайды тек отбасының ішкі мәселесі деп қабылдауды тоқтатқан кезде қалыптасады».