Жаңалықтар

Атыраудағы атышулы іс: Қуғындаудың құрбаны болған бойжеткен өзі сотталып кетті

Атыраудағы атышулы іс: Қуғындаудың құрбаны болған бойжеткен өзі сотталып кетті

Атырауда полиция қызметкеріне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Жиырма үш жастағы Сымбат Таңатарованың оқиғасы әлеуметтік желіде бір жыл бойы қызу талқыланған еді. Қорғаушылар бұл жағдайды еліміздегі ең үлкен қуғындау немесе сталкинг дерегі деп бағалады. Алайда сот шешімі мүлдем күтпеген бағытта өрбіді. Жәбір көрдім деген қыздың өзі айыпты деп танылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты halyqstan телеграм арнасына сілтеп.

Оқиға желісі бұрынғы ғашықтардың қарым-қатынасынан басталған. Сымбат пен Қанат Ершан оқу орнында танысып, кейін екеуі де ішкі істер органдарына жұмысқа орналасады. Екі жастың жолы айырылған соң ер адам бұл жағдаймен мүлдем келіскісі келмеген. Ол бойжеткеннің соңынан қалмай, үнемі кездесуді талап етеді. Қызғаныштан WhatsApp желісінде түрлі балағат сөздер жазып, байланысты үзсең өзіме қол жұмсаймын деп қорқытқан.

Сәуір айының он бесінші жұлдызында Қанат Атырау қаласына арнайы ұшып келеді. Күндізгі кездесу үлкен ұрысқа ұласады. Ал кешке таман ер адам бойжеткеннің үйіне баса-көктеп келіп, сыртқа шығуын сұраған. Ол үйде кішкентай баланың бар екеніне қарамастан қатты айғайлап, терезелерді ұрғылайды.

Қорыққан жас ана көршісінен көмек сұрайды. Бірақ ол араласудан бас тартады. Амалы таусылған қыз өзінің Hyundai Elantra көлігіне отырып, ішінен құлыптап алады. Қанат есік тұтқаларын жұлмалап, көлік қозғала бастағанда капоттың үстіне қарғып мінген. Бойжеткен қауіпті баласынан аулақ әкету мақсатымен көлікті тоқтатпай жүре береді.

Бірнеше орамнан өткен соң бұрылыста ер адам асфальтқа ұшып түседі. Қатты соққыдан ол ашық ми жарақатын алып, бас сүйегі, бұғанасы және қабырғалары сынады. Денесінде көптеген жыртылған жарақаттар пайда болып, ұзақ уақыт комада жатады. Есін тек ауруханада ғана жиған.

Адвокаттар жас ананың ешкімге қасақана зиян тигізгісі келмегеніне назар аудартты. Олар қайғылы жағдайға Қанаттың айлар бойы жасаған қуғындауы себеп болды деп санайды. Дегенмен сот бұл уәждерді қабылдаған жоқ. Үкімде бойжеткеннің адамды капот үстінде көре тұра қозғалысты жалғастырғаны қателік ретінде көрсетілді. Ол ауыр зардаптарды болдырмаймын деп үміттенгенімен, бұл әрекет абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп сараланды.

Осылайша Сымбат Таңатарова Қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бірақ Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жазадан толық босатылды. Бұған қоса сот оны Қанат Ершанның пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Ал қорғаушылар тобы көтерген қуғындау әрекеттеріне құқықтық баға берілген жоқ. Ол мәселе сот шешімінде мүлдем қаралмай қалды.

Барлық жаңалық