Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ағасының ауыр хәлге түскенін айтып, көпшілікпен жан сырын бөлісті. Бұл туралы ozgeris.info сайты мәлім етті.
«Өмір болған соң, ақ пен қара бірге жүреді, бірақ сынып кетпей жеңіп шығуым керек деген ұраныммен өмір сүріп үйренген жанмын! Уайым басқан кезде таңға дейін кірпік қақпай, бір Аллаға жалынып дұға оқимын, ұйқыдан тұрған кезде де сол дұғаларымды айтып барып орнымнан қозғаламын. Біраз күндер болды, миымда тек туған ағам. Бауыры сыр беріп, ішіне сары су жиналып, аяғына дейін ісіп кетті. Бір емес, екі емханаға жатқыздық, бірақ күннен күнге жағдайы нашарлай берді. Бауырлар, достары, ағайындар түгел қоштасқандай келіп-кетіп жатты. Бірақ жүрегі соғып тұр, демі бар, демек, үміт те бар деп сендім. Үмітімді үзбеуім керек болды», – деп жазды ол.
Айдарбекова ағасын екі күн бұрын жеке клиникаға ауыстырғандарын және бүгінде оның жағдайы біршама жақсарғанын жеткізді.
«Екі күн бұрын жеке клиникаға алып келдім. Бүгін түрі беріле бастады. Мақтануға ертерек болса да, қуанып тұрмын. Ағам күніге өлімін күтіп жатқандай көрінетін. Сағат сайын жеңгемнен видеоесеп сұрап отырдым. Сіздерге күліп сторис салғаныммен, ешкімге білдірмей ішімдегі өртті баса алмадым. Қаншама көз жасым төгілді... Бүгін ағамның жүзінде күлкі пайда болды. «Енді өлмейтін болдым ба?» деді. «Иә, өлмейсің», – дедім. Алла қабыл етіп, шипасын берсін! Мен өзім басымдағы ауыртпалықты сыртқа білдірмейтін адаммын. Ол – менің мінезім», – деді продюсер.