8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционерлік жүйесі құлады деп хабарлайды Оzgeris.info.Құтқарушылардың хабарлауынша, апат салдарынан бес адам жарақат алды.
Олардың екеуі қызметтік борышын атқарып жүрген фельдшерлер. Қазір бір фельдшер реанимация бөлімінде, жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр, ал екіншісі нейрохирургия бөлімінде, жағдайы орташа ауыр. Қалған үш адам профильді бөлімдерде ем қабылдауда. Барлығы дәрігерлер бақылауында және қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Акиматтың хабарлауынша, әлеуметтік желілерде таратылып жүрген фельдшерлердің жарақаты өндірістік жарақатқа жатпайды деген ақпарат шындыққа сәйкес емес. Инцидент өндірістік жарақат ретінде тіркелген.
Оқиға бойынша қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторы апатты оқиғаны тексеруде.