Қарасай ауданына қарасты Көлащы ауылындағы орта мектепте мұғалімнің оқушыға күш көрсеткені туралы видео әлеуметтік желіде таралып, қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Оқиғаға қатысты ақпарат шыққан бойда облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі және мектеп өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жедел қызметтік тексеріс жүргізілді.Тексеру нәтижесінде 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 11:35 шамасында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі №36 кабинетте кәмелетке толмаған оқушыға дөрекі түрде күш көрсеткені анықталды. Мұны оқушының сыныптасы телефонға түсіріп алған.Білім басқармасының хабарламасына сәйкес, мұғалім өз әрекетін толық мойындаған. Оның өтініші негізінде дәл сол күні №179 бұйрықпен еңбек шарты бұзылып, қызметінен босатылды. Оқушының денсаулығына зиян келмегені анықталды.
Материалдар Қарасай аудандық полиция басқармасына жолданып, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмағанға қатыгездік көрсету») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.Білім басқармасы балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтып, барлық оқу орындарында ата-аналармен және оқушылармен алдын алу жұмыстары күшейтілетінін мәлімдеді.