💰 Экономика

90-жылдар қайта оралды: Ресейдегі дағдарыс Қазақстанға ауыр тиеді ме? Сарапшы пікірі 

90-жылдар қайта оралды: Ресейдегі дағдарыс Қазақстанға ауыр тиеді ме? Сарапшы пікірі 

Елімізде жанармай тапшылығы туралы тағы да жиі айтыла бастады. Ресейдегі өндірістің қысқаруы мен мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон-шабуылдар салдарынан бағалар шарықтап барады. Бұл құбылыс біздің елге қалай әсер етуде? Ozgeris.info тілшісі анықтап білді.

Қазақстан жыл сайын көрші елден 1,5 миллион тоннаға жуық мұнай өнімдерін импорттайды. Сондықтан сырттағы кез келген өзгеріс ішкі нарыққа тікелей әсер етеді.

Бізде әлі күнге дейін бензин бағасы басқа елдермен салыстырғанда арзан. Ресейде АИ-95 маркалы жанармайдың литрі 80 рубль, яғни 500 теңге айналасында. Ал бізде ол 270–280 теңге көлемінде. Бағаның арзан болуы заңсыз әрекеттерге итермелеуде, салдарынан «сұр» экспорт өршіп тұр. 

Шекаралық бақылауды күшейту белгілі бір деңгейде көмектесуі мүмкін. Алайда Қазақстан–Ресей шекарасының ұзақтығы мұндай шараны толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жанармайдың заңсыз тасымалына тосқауыл қою әлі де күрделі мәселе болып тұр.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияның барлығы Ресейдің мұнай өнімдеріне тәуелді.

«Бұл жағдай аймақтың бәріне ортақ тәуекел тудырып отыр. Сәйкесінше, біздің нарыққа да қатты әсер етеді. Ең жақсы сценарий бойынша жыл соңына дейін тапшылықсыз өте аламыз. Бірақ келесі жылы жанармай жетіспеушілігімен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін», - дейді Олжас Байділдинов, ҚР Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі. 

Энергетика мамандары екі сценарийді қарастырады. 

«Егер мұнай өңдеу зауыттарына жаңа соққылар болмаса, бағаның өсуі шектелуі мүмкін. Егер жағдай шиеленісе бастаса, жанармай құнының екі таңбалы пайыздық көрсеткішпен қымбаттауы ықтимал», - дейді энергетика саласының маманы Әнуар Қожабеков. 

Жанармай бағасының өсуі ең алдымен көлік пен тасымалға тәуелді салаларға ауыр тиеді. Нәтижесінде, тікелей барлық тауардың қымбаттауына әкелмек.

«Жанармай қымбаттаса, бұл барлық салаға әсер етеді. Бізде инфляция онсыз да жыл сайын орта есеппен 5–10% өсіп отыр. Бағаның одан әрі көтерілуі контрабанданың күшеюіне жағдай жасайды», - дейді Арман Байғанов, қаржылық кеңесші. 

Сарапшылар биліктің ертерек қамдана беруіне кеңес беріп отыр. Ресейдегі бағаның қымбаттауы мен өндірістің қысқаруы Қазақстан экономикасына жанама емес, тікелей әсер етуде. Сондықтан билік нарықты тұрақтандыруға және келесі жылы болуы мүмкін тапшылыққа дайындықты бүгіннен қолға алуға тиіс.

Ал шетелдік БАҚ Ресейдегі жағдайдың тым күрделі екенін жазуда. Ресей тапшылықпен бетпе-бет келіп отыр. Көрші елде жанармай бекеттері босап,  бензинді талонмен беретін 90-жылдардың күні қайта оралып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, жағдай жай ғана күрделі емес, өте қиын. Сондықтан Қыйтайдың көмегіне жүгінуі мүмкін. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Ozgeris.info тілшісі Айбар Олжаевтың пікірін сұраған. Сарапшы елде тапшылық болуы екіталай деген болжам білдірген еді. Оқи отырыңыз: Арзан жанармайдың дәуірі өтті: Қазақстан тапшылықтың алдында тұрғаны рас па?

Барлық жаңалық