Әлеуметтік желіде Атырау облысындағы тас-талқаны шыққан тасжолдың бейнежазбасы тарап қоғамда үлкен дау туғызды. Шұңқырға толы жолмен әрең жүріп келе жатқан көлік ішінен түсірілген кадрлар жергілікті халықтың шыдамы шегіне жеткенін айқын көрсетеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Видео авторы өңірдегі жолдардың сын көтермейтін мүшкіл жағдайына наразылық білдірген. Бейнежазбаның сыртына «Атыраудан салық керек, ал халқы ше? Атырау облысы трассалары тас-талқаны шығып жатыр!» деген жазу шығарылған. Ал кадр сыртындағы әйел адамның дауысы жолдың азабын айтып, мұндай жермен көлік жүргізудің мүлдем мүмкін еместігіне шағымданады. Ол билік өкілдерінің назарын осы өткір мәселеге аударуға тырысып «Осы халықты ойлайтын адам, басшы бар ма өзі?» деп ашына сұрақ қояды.
Мұндай ойдым-ойдым жолдармен қатынау тек көлікті бұзып шығынға батырып қана қоймайды. Бұл ең алдымен ауыр жол-көлік оқиғаларының қаупін еселеп, адам өміріне тікелей қатер төндіреді.
Бейнежазбада тікелей жауапты мекеме ретінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы белгіленіп жағдайды тез арада ретке келтіру талап етілген. Ел қазынасына қомақты салық құйып отырған, тұтас экономиканың локомотиві саналатын мұнайлы өңірдің тұрғындары қарапайым ғана сапалы инфрақұрылымның жоқтығына наразы. Күн сайын жол азабын тартқан халық енді «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен құзырлы органдардан құрғақ уәдені емес, шұғыл жөндеу жұмыстары мен нақты әрекетті күтіп отыр.