Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы тіл мәселесіне қатысты пікір білдірген азаматтың бейнежазбасы тарап, қолданушылар арасында қызу талқылануда. Желі қолданушылары бұл тақырыпқа қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жақында TikTok және басқа да әлеуметтік желілерде Талғат Нұрмановтың қоғамдағы тілдік кикілжіңдерге қатысты түсірген видеосы тарады. Автор өз сөзінде қазақтілді азаматтардан өзге тілде жауап беруді талап етудің орынсыз екенін айтып, бұл жағдайды «шовинизмге» теңейді.
Мәселені түбегейлі шешу үшін ол өзіндік ұсыныс білдірген. Оның пікірінше, мемлекеттік емес, яғни «шетел тілдерінде» (орыс, ағылшын, қытай және т.б.) білім беретін мектептерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Оның орнына мұндай мектептерді толықтай ақылы негізге көшіруді ұсынады. Автордың пайымдауынша, егер осындай жүйе енгізілсе, 10-12 жыл ішінде елдегі тілге қатысты дау-дамайлар өздігінен тоқтайды, ал ата-аналар балаларын қай тілде оқытатынын өз қаражаты есебінен шешетін болады.
Бұл ұсыныс интернет кеңістігінде үлкен резонанс тудырды. Пікір екіге жарылғанмен, видео авторын қолдаушылар да аз емес. Мысалы, Threads желісінде бірқатар қолданушылар бұл бастаманы құптап жатыр. Желі қолданушыларының бірі өз парақшасында: «Ағамыздың айтқан ойымен келісемін: орыс тіліндегі мектептерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, толықтай ақылы негізге көшіру уақыты жетті» деп жазба қалдырған.
Әзірге бұл тек әлеуметтік желідегі жекелеген азаматтардың пікірі мен қоғамдық талқылау ғана. Дегенмен, бұл жағдай қоғамда тіл саясаты мен білім беру жүйесін қаржыландыру мәселелерінің қаншалықты өзекті екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.