Жаңалықтар

Қытай түрмесіндегі 10 жыл: Ақжарқын Тұрлыбай елге орала ма

Қытай түрмесіндегі 10 жыл: Ақжарқын Тұрлыбай елге орала ма

Қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай түрмесінде қамауда отырғанына он жылдан асты. Ол 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылған болатын. Қытай соты есірткі тасымалдады деген айыппен оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Алайда қорғаушы тарап оның ешқандай кінәсі жоқ екенін және халықаралық қылмыстық топтың құрбаны болғанын алға тартып келеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kznews.kz ке сілтеп.

Ақжарқын 1994 жылы Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Алматыға оқуға түсіп, құрбысымен бірге пәтер жалдап тұрады. Құрбысы Қытайдан киім әкеліп сатумен айналысқандықтан, Ақжарқын да осы кәсіпке қызығып, 2014 жылдың наурызында аспанасты еліне алғаш рет сапар шеккен. Алғашында ата-анасымен тұрақты хабарласып тұрған бойжеткен көп ұзамай іс-түзсіз жоғалып кетеді. Кейін оның әуежайда тұтқындалғаны белгілі болды.

Қорғаушылардың мәліметінше, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна Ақжарқыннан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды ала кетуді өтінген. Кедендік тексеріс кезінде сол жүктің ішінен есірткі табылған. Ақжарқын өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейді. Ол чемоданда тыйым салынған зат бар екенінен бейхабар болғанын айтады. Адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов те отандасымыздың алданып қалғанын бірнеше рет мәлімдеген.

Бұл он жыл отбасы үшін өте ауыр сынақ болды. Анасының айтуынша, қызын қорғауға және Қытайға барып-келуге қаражат табу үшін олар қолда бар мүлкін сатуға мәжбүр болған. Теміртордың артында отырған жылдары Ақжарқын қарап отырмай, қытай тілін меңгеріп алған. Сонымен қатар түрмедегілерге йога мен ағылшын тілінен сабақ беретіні белгілі болды.

Қазақстан дипломаттары мен қорғаушылар оны елге қайтару мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Бірақ Қытай заңы бойынша өмір бойына сотталған адамды басқа мемлекетке экстрадициялауға рұқсат жоқ. Дегенмен, егер жаза мерзімі жеңілдетілсе, Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі туады. Сыртқы істер министрлігі бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын, іс қазір Бас прокуратураның қарауында екенін хабарлады. Сонымен қатар, Қазақстан билігі осы іске тікелей қатысы бар Нигерия азаматын да экстрадициялау мәселесін қарастырып жатыр.

Барлық жаңалық