Қоғам

Шымкентте 1,2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді

Шымкентте 1,2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өнеркәсіптік әлеуетімен және жол-көлік инфрақұрылымы жобаларының іске асырылу барысымен танысты. Сапар аясында «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарын аралап, Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығының құрылысын тексерді,деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан Wan Sheng Ceramic зауыты биыл толық жобалық қуатына шықты. Кәсіпорын жылына 12–13 млн шаршы метр керамогранит өндіреді. Мұнда 350 тұрақты жұмыс орны ашылған, ал аралас ұйымдарды қоса есептегенде, 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Өндірісте пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95%-ы Қазақстандағы кен орындарынан алынады. Өнімнің 40%-ы ТМД елдеріне экспортталады.

«Тассай» индустриялық аймағындағы «Asia Trafo» кәсіпорны күштік трансформаторлар, автотрансформаторлар және басқа да электр жабдықтарын шығарады. Зауыттың жылдық жобалық қуаты 12 мың МВА-ны құрайды. Бұл Қазақстанның кернеуі 500 кВ-қа дейінгі қосалқы стансалық жабдықтардың негізгі түрлеріне деген қажеттілігінің 90%-ына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Өнімдер ірі энергетикалық нысандарға, соның ішінде жаңа жылу электр орталықтары мен электр стансаларының құрылысына жеткізіледі.

Шымкентте жалпы аумағы 90%-ға толған 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларда 354 жоба жүзеге асырылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есе өскен. Ал 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында өнеркәсіп өндірісі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7,4%-ға өсіп, 580 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен жалпы сомасы 10,5 млрд теңгені құрайтын 1 480 жоба қамтылды.

Сапар қорытындысында Премьер-министр өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, сыртқы істер министрліктеріне және қала әкімдігіне кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуге қажетті қолдау шараларын қабылдауды, сондай-ақ индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін толық пайдалануды жеделдетуді тапсырды.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы жобасының құны 8,5 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында ұзындығы шамамен 550 метр эстакада, 180 метрден асатын жол өтпесі және үш жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, көпір үстіндегі қозғалыс ашылды. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қала жолдарының жалпы ұзындығы 3,8 мың шақырымға жетеді. Әкімдік дерегіне сәйкес, соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін өскен. Шымкентке күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның шамамен 80 мыңы транзиттік көлік ағынына тиесілі. Биыл П. Момынов және К. Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы көлік қозғалысы ашылды. Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығын толық іске қосу жол желісінің өткізу қабілетін арттырып, көлік жүктемесін азайтуға және қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар Шымкент әуежайын реконструкциялау жобасы таныстырылды. Жалпы құны 46,1 млрд теңге болатын жоба екінші ұшу-қону жолағын және бұру-қозғалу жолдарын салуды қамтиды. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Премьер-министр инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсартуды тапсырды. Бүгінде жол құрылысы стандарттары мен олардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарайтын арнайы Үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Бұл саладағы тәртіпті ретке келтіріп, өңірлік және ауданаралық жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатын факторларды жою қажет. Жергілікті жерлерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаланың өсуін ескерсек, Шымкент үшін де жолдарды сапа мен қауіпсіздіктің жаңа заманауи технологияларын қолдана отырып салу маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Барлық жаңалық