Әскерде жүріп, ауыр жарақат алған 24 жастағы Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Марқұм соңғы айларда Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығында ем алып жатқан болатын, деп хабарлайды ozgeris.info.
«Қайғылы оқиға. Әскерге сау барып, науқас болып оралған Ербаян Мұхтардың дәм-тұзы таусылыпты. Жаңа ғана анасы Гүлсім Қамиева хабарласып, тілшілерден көмек сұрап жатыр», – деп жазды журналист Динара Мыңжасарқызы.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар 2023 жылы Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне мерзімді қызметке шақырылып, сол жылдың желтоқсанында басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен.
Әскери басшылық оның дәретханада құлап қалғанын айтқанымен, ата-анасы бұл нұсқаға күмәнмен қарап, әділ тергеу талап еткен еді. Жарты жыл комада жатқан сарбаз бірнеше отадан кейін толық сал болып қалды.
Қазақстандықтар жинаған 220 млн теңгеден астам қаржының арқасында ол Түркияда оңалтудан өтті. Алайда елге оралғаннан кейін денсаулығы нашарлап, мамыр айында жансақтау бөліміне түскен болатын.