Қазір бензин тапшылығы туралы тағы да айтылып жатыр. Тапшылықтың туындауына Атыраудағы зауыттың тоқтауы мен Ресей зауыттарына жасалған соққылар әсер етуі мүмкін деген пікірлер айтылуда. Енді бензин тапшылығы туындауы мүмкін бе? Неге бізде су мен нанның бағасы жанармайдан қымбат? Қазіргі арзан дәуір қашан аяқталуы мүмкін? Тасымалдаушылар бағаны көтеріп жіберсе, не болады? Ozgeris.info тілшісі қаржы маманымен сұқбаттасып, мән-жайды анықтады.
Орал қаласында жанармай құю бекеттерінде жеткізілім көлемі қысқарып жатыр. Көрші елге жақын орналасқан қала тұрғындары жақын арада тапшылық болуы мүмкін деп алаңдаулы. Мұндай шудың шығуы себепсіз емес. Жақында Украина Ресейдің Кириш мұнай өңдеу зауытына соққы жасаған. Аталмыш өндіріс орны Ресей аумағындағы ең үлкен үштіктің қатарына кіреді. Өзге де кәсіпорындарға жасалған соққылар салдарынан көрші елдің өңдеу қуаты шамамен 13 %-ға төмендеген.
Сыртқы факторлардан бөлек, Қазақстанда да жағдай ушығып тұр.
1 қазаннан бастап еліміздегі негізгі кәсіпорындардың бірі саналатын Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айлық жоспарлы жөндеуге тоқтайды. Үш отандық Атырау, Павлодар, Шымкент зауыттары толық жұмыс істеп тұрса да, жанармай жеткіліксіз дейді мамандар.
Қазақстан жыл сайын Ресейден шамамен 1,5 млн тонна мұнай өнімдерін импорттайды. Негізгілерінің арасында авиаотын – импорттың шамамен 40%-ы, битум – 30–35%, дизель және бензин – 5–8%.
«Мұнай державасы» өзін неге қамтамасыз ете алмай отыр?
Тәуелсіздік алғалы бері ел шамамен 1 трлн долларлық мұнай өндірді. Алайда өндірістің негізгі бөлігі шетелдік консорциумдардың қолында. Бұл компаниялар шикізатты Еуропаға экспорттап, ішкі нарыққа жеткізбейді.
Ілеспе мұнай өндіру көлемі де азайып барады. 2015–2016 жылдардағы 38 млн тоннадан қазіргі 30 млн тоннаға дейін түсті, ал кен орындары ескіріп бастады. Осы уақытта ішкі тұтыну өсіп келеді.
Неге судың бағасы бензиннен қымбат?
Ішкі нарықта мұнай барреліне 20–25 доллардан сатылады. Әлемдік бағадан да, өзіндік құнынан да төмен. Сарапшылардың айтуынша, компаниялар мемлекет талабы бойынша шығынға жұмыс істеп жатыр. Бағаны ұзақ уақыт ұстап тұру саясаты инвестициялық ахуалға кері әсер етіп, саланың дамуын тежейді.
Талдаушы Олжас Байдильдиновтың есептеуінше, 92-бензиннің нарықтық бағасы литріне шамамен 340 теңге болуы керек. Қазір ол 220–230 теңге.
Ал экономист Айбар Олжаев Қазақстан арзан жанармай дәуірінен өтіп кеткенін айтады. Ол жанармайдың бағасының неге арзан екенін де түсіндіріп кетті.
«Бензиннің судан арзан болуы кезіндегі бағаларды өсірмеу аясындағы шаралардан туындаған. Алайда, биылдан бастап үкімет жанармай бағасын, әсіресе 92 маркалы бензин бағасын қолдан ұстап тұру әдісінен бас тартты. Себебі оның ешқандай пайдасы жоқ. Көлеңкелі нарық көбейіп кетті. Енді жанармай ақырындап, көрші Ресей, Өзбекстан елдердегі бағамен теңеседі», - дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, бағалардың көтерілуі бірден жүзеге аспайды, кезең-кезеңмен көтеріледі.
«Сондықтан біз арзан бензин дәуірінен өтіп кеттік. Ол дәуір аяқталды. Енді бензин бағасы литріне 350-400 теңге болады. Менің ойымша, бір-екі жылдың ішінде осылай болады. Қандай шу болып жатса да, тапшылық болады деп айта алмаймын. Себебі, біз Ресей сұраса да, ішкі нарығымызды қорғайтын боламыз. Бірінші кезекті ішкі сұранысты жабамыз, реттелген соң ғана артылғанын экспортқа шығаратын боламыз», - дейді маман.
Ішкі нарыққа түскен көлемнің өзі де шекара асып кетіп жатыр. Көрші елдерде жанармайды қайта сату бір көліктен күніне 100 долларға дейін табыс әкеледі екен. Шекаралас аймақтарда бензин тұтыну деңгейінің ірі қалаларға қарағанда жоғары болуы осы «көлеңкелі» экспортпен түсіндіріледі.
Экономист бізге берген жауабында елімізде тапшылық болмайды деп сендірді.
«Қазақстан барлық резервтерін қосып, іштегі нарықта тапшылықты болдырмайтыны анық. Себебі бізде үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Сондай-ақ іштегі бензинді сыртқа шығаруға толық тыйым салынған. Яғни, қосымша бактарды тексеру арқылы, кіріп және шығып жатқан көліктер қатаң бақылауда. Осындай механизмдер заңбұзушылыққа жол бермейді», - дейді маман.