Көп адам ақша жинауды ертеңге қалдырады. Бірі табысым аз дейді, енді бірі шығын көп екенін алға тартады. Бірақ қаржы мамандары мәселе көбіне қаражат көлемінде емес, мақсаттың дұрыс қойылмауында жатқанын айтады. Қаржылық сауаттылық сарапшысы Әділхан Сапарғалиевтің тәжірибесі соның бір дәлелі. Оның айтуынша, SMART әдісі арқылы ол 3 миллион теңге жинай алған, деп жазады Ozgeris.info.
«Маған 3 миллион теңге жинауға көмектескен тәсіл осы болды. Бұл әдіс демалысқа шығуға да, баспанаға алғашқы жарна әзірлеуге де, қаржылық қор қалыптастыруға да жарайды. Көпшілік ақша жинай алмауының себебін табыстың аздығымен байланыстырады. Алайда мәселе көбіне мақсаттың нақты болмауынан туындайды. Мысалы, адам теңізге барғым келеді немесе үй алғым келеді деп ойлайды. Бірақ оған қанша қаражат қажет екенін, оны қай мерзімде жинайтынын, ай сайын қанша ақша бөліп отыратынын нақтыламайды. Соның салдарынан мақсат арман күйінде қалып қояды», дейді Ә.Сапарғалиев.
Сарапшы сөз еткен SMART әдісі әлемде кең таралған мақсат қою жүйелерінің бірі. Ағылшын тіліндегі бес ұғымнан құралған бұл тәсіл әр мақсаттың нақты, өлшенетін, қолжетімді, маңызды әрі мерзімі белгіленген болуын талап етеді.
Мәселен, «демалуға барғым келеді» деген жалпылама ойдың орнына «Вьетнамға саяхат жасау үшін 1 миллион 200 мың теңге жинағым келеді» деген мақсат қойған әлдеқайда тиімді. Мұндай жағдайда адамға қанша қаражат қажет екені анық көрінеді. Сол сияқты жинақтың қалай қалыптасатынын да нақты көрсету маңызды. Қаржы мамандары мақсатқа жетудің айлық жоспары болмаса, нәтиже де бұлыңғыр болатынын айтады.
«Нақты көрсеткіштерді қолдану қажет. Мысалы, «Вьетнамға бару үшін ай сайын 100 мың теңгеден жинаймын» деген жоспар адамның өз әрекетін бақылауына мүмкіндік береді. Сонда әр ай сайын нәтижені бағалап, мақсатқа қаншалықты жақындағанын көре алады. Қаржылық тәртіп те осындай қарапайым қадамдардан басталады», дейді сарапшы.
Дегенмен мақсаттың нақты болуы жеткіліксіз. Оның орындалуы да шынайы болуы керек. Егер адам табысы мен шығынын ескермей, қысқа уақыт ішінде тым үлкен сома жинауды жоспарласа, мұндай жоспар көп жағдайда жүзеге аспайды.
SMART жүйесінің тағы бір маңызды тұсы – мақсаттың адамның өмірлік құндылықтарымен сабақтас болуы. Қаржы жинау сыртқы қысымнан емес, ішкі қажеттіліктен туындағанда ғана тұрақты әдетке айналады.
«Қаржылық мақсаттар адамның өмірлік құндылықтарымен әрі жалпы жоспарларымен байланысты болуы керек. Олар сіз үшін маңызды болмаса, уақыт өте келе мотивация жоғалады. Сондықтан мақсат шын мәнінде өзіңізге қажет болғаны жөн. Сонда оған жету жолындағы әрекеттер де әлдеқайда тұрақты болады», дейді Ә.Сапарғалиев.
Маман ерекше мән беретін тағы бір мәселе – мерзім белгілеу. Қаржы жинауды «бір күні бастаймын» деген оймен кейінге қалдыру оңай. Сондықтан нақты уақыт межесін көрсету маңызды. Мысалы, «2027 жылдың шілдесіне дейін Вьетнамға саяхат жасау үшін 1 миллион 200 мың теңге жинаймын» деген мақсат адамның әрекетін жүйелейді. Ол қанша қаражат жетіспейтінін, ай сайын қанша ақша бөлу керегін нақты есептей алады.
Әділхан Сапарғалиев жинақты қалыптастыруда технологияның мүмкіндігін де пайдалануға кеңес береді. Оның айтуынша, қаражатты автоматты түрде депозитке аударып отыру тәртіп қалыптастыруға көмектеседі.
«Қаржылық мақсаттарыма арналған қаражатты депозиттерде сақтаймын. Онда автоматты толықтыру қызметі бар. Қолайлы соманы, аудару жиілігін – күн сайын, апта сайын немесе ай сайын – таңдайсыз. Сондай-ақ нақты сома не шоттағы қалдықтың белгілі бір үлесін көрсетуге болады. Кейін белгіленген күні қаражат депозитке автоматты түрде түседі. Қолмен аударып отырудың қажеті жоқ. Мұндай тәсіл ақшаны байқамай жұмсап қоюдың алдын алады әрі жинақ жасау әдетін қалыптастырады», дейді ол.
Сарапшы жариялаған мәліметтерден оның депозиттерінде 507 мың теңгеден астам қаражат пен 5,5 мың доллардан көп жинақ барын көруге болады. Бұл қаржының барлығы бір күнде жиналған жоқ. Оның артында нақты мақсат, тәртіп әрі жүйелі әрекет тұр.
Қаржы мамандарының пікірінше, жинақ жасау мәдениеті ең алдымен табыстың көлемінен емес, адамның қаржылық әдеттерінен басталады. Нақты мақсат қойып, оған жетудің жолын белгілеген адам қаражатын әлдеқайда тиімді басқара алады. Сондықтан қаржылық тұрақтылыққа бастайтын ең маңызды қадам кейде қосымша табыс табу емес, мақсатты дұрыс қою болуы мүмкін.