Өнер иесі әрі Құрылтайға үміткер Аша Матай әлеуметтік желіде өзі туралы тараған ақпаратқа пікір білдіріп, депутаттыққа кандидатурасынан бас тартқаны жөніндегі әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтуынша, соңғы уақытта кейбір адамдар оның сайлаудан шыққаны туралы жалған ақпарат таратып, жұртшылықты жаңылыстыруға тырысып жүр.
«Мен туралы жалған ақпарат таратыпты кейбіреулер. “Аша Матай депутаттықтан бас тартыпты” деп халықты шатастырып жатыр. Әрине, бұл мәселе тапсырыспен болып жатыр», – деді ол.
Аша Матай Құрылтайға үміткер ретінде сайлауға қатысып жатқанын тағы да растады. Сондай-ақ депутат болатынына сенім білдіріп, өзіне қолдау көрсететін азаматтарды мәселелерін ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін жолдауға шақырды.
«Маған сенген азаматтар, оқырмандарым, тыңдармандарым, өздеріңіздің мұң-мұқтаждарыңызды маған айтыңыздар, жазыңыздар. Маған сенім артыңыздар. Сіздердің маған артқан жүктеріңізді Құрылтайға арқалап барамын. Сіздер үшін күресемін, сынбаймын. Жігерім де, мінезім де жетерлік. Құдай қолдасын, ағайын», – деді Аша Матай.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Аша Матайдың депутаттыққа кандидатурасын қайтарып алғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда өнер иесі бұл мәліметті жоққа шығарып, Құрылтай сайлауынан шықпағанын және үміткер ретінде жарысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.