Елордада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс әлі күнге дейін тергеліп жатыр. Алайда соңғы күндері қоғам талқысы тергеудің өзінен гөрі марқұмның бұрынғы жұбайы Әділет Зейнелдің жеке өміріне ауып отыр. Бұған оның қайғылы оқиғадан сегіз ай өткен соң екінші рет үйленуі себеп болды.Марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызы әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, бұрынғы күйеу баласының қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесін қайта қарауды сұрады. Сонымен қатар мұрагерлік, зейнетақы жинағы мен ықтимал моральдық өтемақыға қатысты да қоғамда көптеген сұрақ туындады. Бұл даудың заңдық жағы қандай? Кімнің қандай құқығы бар? Қай мәселеде қоғам эмоцияға, қай тұста заңға сүйенуі керек? Ozgeris.info тілшісі осы сауалдар төңірегінде зерттеу жүргізіп көрді.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы қарашада Астанада жедел жәрдем шақыртуына барған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан тұрғын үйдің қасбетінен құлаған кірпіш пен кондиционердің сыртқы блогының астында қалды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада ол көз жұмды. Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Мырзуан “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
Қазір оқиға бойынша екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сапасыз құрылыс немесе құрылыс талаптарының бұзылуы және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қызмет көрсету фактісі. ІІМ мәліметінше, қазір бірнеше сот сараптамасы жүргізіліп жатыр. Сараптамалардың қорытындысынан кейін ғана түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Даудың негізгі себебі не?
Қоғамда қызу талқыға түскен мәселе — Ұлдананың бұрынғы жұбайы Әділет Зейнелдің қайғылы оқиғадан сегіз ай өткен соң қайта үйленуі. Марқұмның анасының айтуынша, осы жағдайдан кейін ол бұрынғы күйеу баласының жәбірленуші мәртебесін қайта қарауды сұраған. Оның пікірінше, қызының заңды мүддесін енді өзі қорғауы тиіс.
Жәбірленуші мәртебесін алып тастау мүмкін бе?
Заң тұрғысынан бұл мәселе эмоциядан гөрі процессуалдық нормаларға байланысты. Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп қылмыстан тікелей зиян шеккен немесе заң бойынша сондай мәртебеге ие адам танылады. Егер Ұлдана оқиға кезінде заңды некеде болған болса, оның жұбайы жәбірленуші ретінде танылуы заңға қайшы емес.
Заңгерлердің айтуынша, тергеу кезінде жәбірленушіні алып тастау өте қиын, мұндай мәселе сот қарауы кезінде көтеріліп, сот қана түпкілікті шешім қабылдай алады. Яғни ата-анасының талабын автоматты түрде орындау мүмкін емес.
Қайта үйленуі жәбірленуші мәртебесіне әсер ете ме?
Бұл — қоғамдағы ең көп қойылып жатқан сұрақтардың бірі. Жауабы — жоқ. Қазақстан заңнамасында адамның кейін қайта некеге тұруы оның бұрынғы іс бойынша процессуалдық құқықтарын автоматты түрде тоқтатпайды. Егер адам қылмыс жасалған кезде заңды жұбайы болса, кейін үйленгеніне немесе тұрмыс құрғанына қарамастан, бұл мәртебе өздігінен жойылмайды.Сондықтан сегіз айдан кейін үйленуі, жаңа отбасының құрылуы, әлеуметтік желідегі пікірлер өздігінен жәбірленуші мәртебесін тоқтатуға негіз болмайды.
Зейнетақы жинағы кімге тиесілі?
Марқұмның анасының айтуынша, қызының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты бұрынғы күйеуіне өткен. Бұл жерде заң нақты. Егер адам қайтыс болған кезде ресми некеде болса, заң бойынша бірінші кезектегі мұрагерлер – жұбайы, балалары және ата-анасы. Барлығы бір кезектегі мұрагер болып есептеледі. Алайда нақты қандай мүлік кімге өтетіні мұрагерлердің өзара келісімімен немесе нотариус рәсімдеген құжаттарға сәйкес анықталады.
Көлік неге ата-анасына өтті?
Марқұмның анасының айтуынша, автокөлік кейін ғана ата-анасының атына рәсімделген. Заңгерлердің түсіндіруінше, мұндай жағдайда тараптар өзара келісімге келе алады. Яғни бір мұрагер көлікті алады, екіншісі басқа активті алады. Бұл заңға қайшы емес.
Ал моральдық өтемақы кімге беріледі?
Бұл сұрақ әзірге нақты шешілген жоқ. Өйткені қылмыстық іс бойынша сот әлі болған жоқ. Егер сот кінәлілерді анықтап, моральдық зиянды өндіру туралы шешім қабылдаса, өтемақыны талап етуге құқығы бар тұлғалардың қатарын сот анықтайды. Мұндай талапты ата-анасы, жұбайы, кей жағдайда басқа да жақын туыстары қоюы мүмкін. Өтемақы автоматты түрде тек бір адамға ғана беріледі деген норма жоқ. Барлығы соттың шешіміне байланысты.
Жаңа жұбайының мәлімдемесі заңды ма?
Әлеуметтік желіде Әділеттің қазіргі жұбайы отбасыға тіл тигізген адамдардың үстінен сотқа жүгінетінін мәлімдеген. Заң бойынша бұл да мүмкін. Егер әлеуметтік желіде жала жабылса, ар-намысқа тиетін жалған мәлімет таратылса, қорлау орын алса азаматтық немесе өзге де заңды тәсілдермен құқықтарын қорғауға құқығы бар. Алайда әрбір жарияланым бойынша құқық бұзушылықтың болған-болмағанын сот немесе құқық қорғау органдары жеке бағалайды.
Ал сегіз айдан кейін қайта үйленуі дұрыс па?
Бұл сұрақтың құқықтық жауабы мен моральдық бағасы екі түрлі. Заң тұрғысынан Қазақстанда жесір қалған адамның белгілі бір уақыт өткеннен кейін қайта некеге тұруына ешқандай шектеу жоқ. Яғни сегіз айдан кейін үйленуі заңды. Моральдық тұрғыдан қоғамның бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер мұны адамның жеке таңдауы деп қабылдайды. Екіншілері марқұмның туыстарының сезімін ескеріп, мұндай шешімге ертерек бармау керек еді деп есептейді. Бұл жерде заң емес, қоғамдық және отбасылық этика мәселесі алға шығады.
Осы мәселеге қатысты қоғам белсендісі Самат Мұса да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда эмоцияға ерік бермей, заң аясында баға беру маңызды.
«Әрине, заң бар. Оқиғаның алғашқы күндері жағдай ауыр болды, алайда барлық кінәні бір ғана жігітке арта салуға болмайды. Дегенмен, сегіз ай өткен соң қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиғадан кейін оның әрекеттеріне жұрт дайын болмады. Ең үлкен қателігі – марқұмның анасының алдынан өтпегені. Ең алдымен аруақты құрметтеп, қыздың ата-анасымен кездесіп, болған жағдайды түсіндіруге тырысуы керек еді», – деді ол.
Самат Мұса сондай-ақ біреуді асығыс айыптап, сынаудан сақ болуға шақырды.
«Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін. Сондықтан абайлап сөйлеген дұрыс. Ертең кімнің қандай сынаққа тап болатынын ешкім білмейді. Эмоциядан бөлек, заң бар. Соңғы шешімді де заң шығаруы тиіс», – деп түйіндеді қоғам белсендісі.
Тергеу қай сатыда?
ІІМ мәліметінше, бірнеше кешенді сот сараптамасы жалғасып жатыр, Астана әкімдігі де оқиғаға байланысты тексеру жүргізуде, құтқарушылардың әрекеті әзірге заң бұзушылық деп танылған жоқжәне түпкілікті қорытынды сараптамалар аяқталғаннан кейін жарияланады.
Ешкім Заңнан биік емес
Ұлдана Мырзуанның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырғанымен, бүгінгі даудың басым бөлігі қылмыстық істен гөрі мұрагерлік, жәбірленуші мәртебесі және жеке өмір төңірегінде өрбіп отыр. Заң бойынша бұрынғы жұбайының қайта үйленуі оның қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесін автоматты түрде тоқтатпайды. Мұндай шешімді тек сот қабылдай алады. Сол сияқты мұрагерлік, зейнетақы жинағы немесе болашақтағы моральдық өтемақы да эмоциямен емес, Қазақстан заңнамасы мен сот шешімдерінің негізінде айқындалады. Сондықтан бұл іске құқықтық және моральдық бағалауды шатастырмай қарау маңызды. Бір жағынан – қызынан айырылған ата-ананың жан күйзелісі мен әділдік іздеуі түсінікті болса, екінші жағынан – қылмыстық іс жүргізу тәртібі нақты құқықтық нормалармен реттеледі. Тергеу аяқталып, сот шешімі шыққаннан кейін ғана бұл іске қатысты көптеген даулы сұрақтарға құқықтық тұрғыдан түпкілікті жауап беріледі.