Ресейлік әнші Алла Пугачева Юрмалада өткен Лайма Вайкуленің музыкалық фестивалінің жабылу кешіне таяқпен келіп, оның себебін алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
77 жастағы өнер иесінің айтуынша, ол құлап қалып, аяғы мен жамбас сүйегін сындырып алған. Соның салдарынан бірнеше ай бойы жүре алмай қалған.
«Бұл – образ емес. Мен бұған дейін ешкімге айтқан жоқпын. Мәселе мынада: төрт ай бойы мүлде қозғала алмадым. Себебі құлап қалып, аяғым мен жамбас сүйегімді сындырдым. Шынымды айтсам, қайта орнымнан тұра аламын деп те ойламадым. Паникалық шабуылдар болды, өте ауыр кезеңді бастан өткердім. Дәрігерлер тіпті жарты жылға дейін жатып қалуым мүмкін екенін ескерткен еді», – деді Алла Пугачева.
Әншінің сөзінше, бір адамның айтқан сөзі оған күш берген.
«Маған бәрі өзіме байланысты екенін айтты. Шынында, мұның бәрін өте ауыр қабылдадым. Кейін өзімді қолға алып, қайта жүре бастадым. Әуелі таяқпен, кейін онсыз жүрдім. Қазір тек өзімді сенімді сезіну үшін ғана таяқ ұстаймын», – деп түсіндірді ол.
Пугачева фестивальдің алғашқы күндері таяқсыз жүргенін де айтып өтті.
«Екі күн бойы осылай еңкейіп, үнемі төмен қарап жүрдім. Сонда бәрі: "Құдайым-ай, әрең жүр екен, әбден бүкірейіп қалыпты" деді. Ал таяқпен өзімді әлдеқайда жайлы сезінемін», – деді әнші күлімсіреп.
Ал әншінің жұбайы Максим Галкин жұрт арасында тараған қауесетке түсініктеме берді.
«Жүрегіне ота жасалды деген сияқты түрлі қауесеттер көп болды. Шын мәнінде, Алла тек аяғын сындырған», – деді ол.